Лондон. 4 тамыз. ИНТЕРФАКС – Судан армиясымен соғысып жатқан Жедел әрекет ету күштері (СБР) 2023 жылдың сәуірінде елдегі қарулы қақтығыс басталған тұста Суданның Орталық банкінен 1,5 тонна алтынды алып шығып, оны Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізген. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлады.
Басылымның мәліметінше, қарулы топ алдымен Хартумдағы мемлекеттік алтын өңдеу зауытын бақылауына алып, кейін Орталық банк ғимаратына басып кірген. Соның салдарынан құны 100 миллион доллардан асатын кемінде 1,5 тонна алтын, сондай-ақ коммерциялық банктердің жеке сейфтерінде сақталған зергерлік бұйымдар қолды болған.
Куәгерлердің және өзге де дереккөздердің мәліметіне сәйкес, СБР бұл алтынды алдымен Чад пен Оңтүстік Судан арқылы сыртқа шығарған. Алайда ұйым бұл операцияға қатысы барын жоққа шығарып отыр.
Кейін алтын Оңтүстік Судан астанасы Джуба қаласының әуежайында қайта тиеліп, Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтілген.
«Алтынды тасымалдау үшін Әмірліктер кейде азаматтық, кейде әскери жүк ұшақтарын жіберіп отырған», – деп келтіреді басылым өз дереккөзінің сөзін.
Бұрынғы судандық шенеуніктердің айтуынша, 2021 жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша Орталық банкте 7,2 тонна алтын сақталған. Алайда бұл қордың кейінгі тағдыры әзірге белгісіз. Financial Times сауалына жауап ретінде БАӘ билігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.
Сонымен қатар Әмірліктердің аты-жөні жарияланбаған өкілі 2025 жылы БАӘ құрылымдары айналымға шығарған судандық алтынның құны шамамен 1 миллиард долларды ғана құрағанын айтты. Оның сөзінше, бұл көлем 300 миллиард долларлық әлемдік нарықтың өте аз бөлігі саналады.
Бұған дейін Судандағы, соның ішінде СБР бақылауындағы кеніштерден өндірілген алтын қарулы қақтығысты қаржыландыруға пайдаланылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда Әмірліктер өкілі елде ақшаны жылыстатуға қарсы халықаралық талаптар қатаң сақталатынын және алтынның шығу тегі мұқият тексерілетінін мәлімдеді.
Соңғы екі жыл ішінде БҰҰ сарапшылары, Батыс елдерінің барлау қызметтері және әуе рейстерін бақылайтын ұйымдар БАӘ-ден СБР-ге жасырын түрде қару жеткізілгені жөнінде деректер жинаған. Соған қарамастан, Абу-Даби Судандағы қақтығысқа қатысушы тараптардың ешқайсысын қолдамайтынын айтып келеді.
Сонымен бірге Financial Times Әмірліктердің Африкадағы ықпалын жүйелі түрде күшейтіп жатқанын жазады. Басылымның мәліметінше, бұл стратегия әуелі порттарды дамыту жобаларынан басталған. Қазір DP World компаниясы Африканың 13 елінде порттарды, астық терминалдарын және арнайы экономикалық аймақтарды басқарады немесе дамыту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Компания Сомалиден тәуелсіздігін жариялаған Сомалиленд өңіріндегі Бербера портын жаңғыртып, көршілес Эфиопияға баратын автожол салған. Енді порттың өткізу қабілетін екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Әмірліктер осы аймақтағы әскери базаға қол жеткізіп, спутниктік түсірілімдерге қарағанда, ұшу-қону жолағы маңында жаңа бункерлер мен басқа да әскери нысандар салып жатыр.
Бұдан бөлек, БАӘ компаниялары Судан, Оңтүстік Судан, Ангола, Мавритания, Танзания және Кениядан ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алған. Сондай-ақ Замбиядағы мыс өндірісіне, Конго Демократиялық Республикасындағы, Эфиопия мен Малидегі алтын кен орындарына, Мавританиядағы темір кенін игеруге миллиардтаған доллар инвестиция құйған.
Бұлардан бөлек, Әмірліктер Африкада Мысырдағы жел электр станцияларының құрылысы, Угандадағы мұнай өндірісі, Оңтүстік Африка Республикасы мен Нигериядағы логистикалық желілерді дамыту сияқты бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.




