Мәскеу. 13 тамыз. ИНТЕРФАКС – Бейсенбі күні күндіз доллардың еуро мен иенаға шаққандағы бағамы біршама төмендеді. Трейдерлердің назары бұрыңғыдай АҚШ-тағы инфляция көрсеткіштеріне аударылып отыр.
Доллардың алты валютаға – еуро, швейцариялық франк, иена, канадалық доллар, фунт стерлинг және швед кронасына қатысты динамикасын көрсететін ICE DXY индексі 0,1%-ға, ал ауқымы кең WSJ Dollar Index 0,03%-ға төмендеді.
Нарық бейсенбі күні Мәскеу уақытымен 15:30-да жарияланатын АҚШ-тағы өндірушілер бағасы индексі (PPI) бойынша деректерді күтуде. Сарапшылар маусымдағы 5,5%-дық өсімнен кейін шілдеде көрсеткіш 4,9%-ға өседі деп болжап отыр.
Бір күн бұрын АҚШ-та тұтыну инфляциясы (CPI индексі) маусымдағы 3,5%-дан шілдеде 3,4%-ға дейін баяулағаны белгілі болды. Бұл сарапшылардың болжамына сәйкес келді.
Инфляцияның бәсеңдеуі Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) негізгі пайыздық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтауына негіз болуы мүмкін. FedWatch мәліметінше, нарық қазір қыркүйектегі отырыста мөлшерлеменің 25 базистік тармаққа көтерілу ықтималдығын шамамен 40% деп бағалайды. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 50% болған.
«Қазіргі уақытта CPI деректері нарыққа ақша-несие саясатын қатаңдатуға қатысты болжамдарын біршама төмендетуге негіз берді», – деді CIBC Capital Markets сарапшысы Джереми Стретч.
Мәскеу уақытымен 15:08-дегі мәлімет бойынша еуро/доллар жұбы алдыңғы сессияның жабылуындағы $1,1527-мен салыстырғанда $1,1535 деңгейінде саудаланды. Еуро 0,1%-ға нығайды.
Фунттың долларға шаққандағы бағамы сәрсенбідегі $1,3496-мен салыстырғанда $1,3493 болды.
Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасының (ONS) алдын ала деректері бойынша, ел экономикасы екінші тоқсанда алдыңғы үш аймен салыстырғанда 0,4%-ға өсті. Бұл сарапшылардың болжамына сәйкес келді. Жылдық есеппен Ұлыбританияның жалпы ішкі өнімі 1,2%-ға артты, ал болжам 1,1% болған.
Доллардың иенаға шаққандағы бағамы 0,1%-ға төмендеп, бір күн бұрынғы 159,43 иенадан 159,31 иенаға түсті.
Доллардың офшорлық юаньға шаққандағы бағамы 6,7447 юань деңгейінде тұрақты сақталды.




