Вашингтон. 14 тамыз. ИНТЕРФАКС – Түркияға америкалық F-35 жойғыш ұшақтарын сату мәселесі әлі шешілген жоқ, деп хабарлайды Semafor порталы.
«Президент Дональд Трамптың Түркияға F-35 жойғыш ұшақтарын сату жоспары жарияланғанына бір айдан астам уақыт өтсе де, әлі жүзеге асқан жоқ», – делінген хабарламада.
АҚШ Сенатының Халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Джим Риштің айтуынша, Түркия әлі күнге дейін Ресейдің С-400 жүйелерінен бас тартпаған. Осыған байланысты келісімді жүзеге асыру тоқтап тұр.
Басылымның мәліметінше, ресейлік жүйелерден бас тартудың ықтимал жолдарының бірі – оларды Біріккен Араб Әмірліктеріне сату.
Портал дереккөздерінің хабарлауынша, Түркия өткен айда осы мәселе бойынша келіссөздер бастаған, алайда әзірге айтарлықтай ілгерілеу жоқ.
Басылым дереккөздерінің бірі С-400 жүйелерін БАӘ-ге сату мүмкіндігі әлі де сақталып отырғанын айтты.
Портал С-400 жүйелерін үшінші тарапқа беру үшін Ресейдің ресми келісімі қажет екенін еске салады.
Басылымның жазуынша, егер Түркия С-400 жүйелерін БАӘ-ге сата алмаса немесе оларды пайдаланудан шығару мүмкін болмаса, жүйелерді жою мәселесі де қарастырылуы ықтимал.
«Бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Меніңше, Түркия тарапы да оны шешуге мүдделі», – деді америкалық шенеунік порталға.
Сонымен қатар Түркияға америкалық жойғыш ұшақтарды сатуға Израиль де қарсы. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мұндай шешім «Таяу Шығыстағы күштер тепе-теңдігін бұзуы мүмкін» екенін ескертті.
Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті де Түркияға F-35 жойғыш ұшақтарын сатуға қарсы пікір білдірген. Ведомство мұны Анкараның аталған ұшақтарды сатып алу үшін қажетті талаптарды орындамағанымен түсіндірді.
2019 жылы Түркия Ресейдің С-400 әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін сатып алғаннан кейін Вашингтон Анкараға санкция енгізіп, елді F-35 бағдарламасынан шығарды. АҚШ Конгресі де Түркия С-400 жүйелеріне иелік етіп отырған кезеңде оған F-35 ұшақтарын сатуға тыйым салатын заң қабылдады.
Вашингтон С-400 жүйелерінің НАТО-ның қорғаныс жүйелерімен үйлеспейтінін бірнеше рет мәлімдеген. АҚШ тарапы С-400 мен F-35 ұшақтарын қатар пайдалану Ресейге жойғыш ұшақтардың радарларға байқалу деңгейінің төмендігіне қатысты деректер мен басқа да құпия техникалық сипаттамаларға қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін деп алаңдайды.




