Вашингтон. 16 тамыз. ИНТЕРФАКС – АҚШ Қарулы күштері Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) басшысы Брэд Купер Таяу Шығыс елдеріне жасаған 10 күндік сапарын аяқтады. Сапар барысында ол өңір басшыларымен кездесіп, Таяу Шығыста орналасқан америкалық әскери қызметшілермен жүздесті, деп хабарлады қолбасшылық.
CENTCOM-ның жексенбіге қараған түні X әлеуметтік желісінде жариялаған хабарламасында: “CENTCOM қолбасшысы Брэд Купер 15 тамызда Таяу Шығысқа жасаған 10 күндік сапарын аяқтады. Ол алты елде болып, Арабия теңізінде әскери міндет атқарып жүрген әуе тасымалдағыш кемеге барды», – делінген.
Қолбасшылықтың мәліметінше, Купер Бахрейн, Ирак, Израиль, Иордания, Сауд Арабиясы және БАӘ билігінің өкілдерімен және әскери басшыларымен кездесті. Сондай-ақ өңірге жіберілген АҚШ әскери қызметшілерімен жүздесті.
CENTCOM Брэд Купердің биыл Abraham Lincoln әуе тасымалдағыш кемесіне екінші рет барғанын атап өтті.
Қолбасшылықтың хабарлауынша, қазіргі уақытта Таяу Шығыс өңірінде АҚШ-тың 50 мыңға жуық әскери қызметшісі орналасқан.
Ал «Әл-Жазира» телеарнасы АҚШ-тың Иранға қарсы операциясына дәл Брэд Купер басшылық ететінін еске салды. Телеарна оның Abraham Lincoln әуе тасымалдағыш кемесіне барғанына да назар аударды. Бұған дейін тамыз айында америкалық БАҚ осы кемедегі теңізшілер қызмет жағдайының өте нашар екеніне шағымданғанын хабарлаған. АҚШ билігі мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген.




