Астана. 16 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын мемлекеттік наградалар қатарына енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
«Мәдениет пен өнер – ұлттық бірегейлігіміздің берік негізі. Сондықтан жаңа Конституцияда ұлттық мәдениетті жан-жақты қолдау мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде жоғары құқықтық деңгейде бекітілді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын мемлекеттік наградалар қатарына енгізу туралы шешім қабылдады», – деп Смадияров жексенбі күні Telegram арнасында жазды.
Оның айтуынша, бұл мемлекеттік наградалар ұлттық мәдениетті дамытуға, соның ішінде музыка және бейнелеу өнері салаларына елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Шәмші Қалдаяқов (1930–1992) – қазақтың көрнекті композиторы, Қазақстанның халық әртісі, қазіргі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимніне негіз болған «Менің Қазақстаным» әнінің музыкасын жазған автор. 2022 жылы оған қайтыс болғаннан кейін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.




