Астана. 17 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанның 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджетінде инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдетуге басымдық берілуге тиіс. Олардың қатарында ауруханалар, балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және спорт нысандары бар. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, дүйсенбі күні Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономиканы дамыту және бюджетті жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өтті.
«Мемлекет басшысы 2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі ретінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды, соның ішінде ауруханаларды, балаларды оңалту орталықтарын, мәдениет және спорт нысандарын жедел салу міндетін белгіледі», – делінген Ақорда хабарламасында.
Кеңес барысында Тоқаев биылғы жыл қорытындысында экономикалық өсім бойынша белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің теңгерімділігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Жиында ел экономикасының қазіргі ахуалы, Қазақстанның 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және осы кезеңдегі республикалық бюджеттің негізгі өлшемдері қаралды.
Кеңеске Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров және Қаржы министрі Мәди Такиев қатысты.




