S&P Global Ratings рейтинг агенттігі Қазақстанның ұзақ және қысқа мерзімді тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-/A-3» деңгейінен «BBB/A-2» деңгейіне көтеріп, болжамды «тұрақты» деп белгіледі. Агенттік бұл шешімге ел экономикасының орнықтылығын, 2026 жылдың алғашқы жартысында жалпы ішкі өнімнің 4,1%-ға өсуін және бюджет тапшылығын қысқарту бағытындағы шараларды негіз еткен. Дегенмен агенттік Қазақстан экономикасына әсер етуі мүмкін бірқатар факторды да атап көрсетеді. Соның ішінде мұнай тасымалының басым бөлігі Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына тәуелді. Қазақстан мұнайының шамамен 80%-ы осы бағытпен экспортталады. Сондықтан құбыр жұмысындағы кез келген үзіліс сыртқы жеткізілім көлеміне тікелей әсер етуі ықтимал. Бұдан бөлек, мемлекеттің қарыз тарту құны өсіп, оны өтеуге жұмсалатын шығын да артып келеді. Қарызға қызмет көрсету шығыны бюджет кірісінің 10%-ынан асып, 2027 жылы 11,4%-ға жетуі мүмкін. Сондай-ақ құны 14–15 млрд доллар болатын атом электр станциясының құрылысы қандай қаражат есебінен қаржыландырылатыны әзірге нақтыланбаған. S&P есебінде 2028 жылға қарай ағымдағы шот тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 3,7%-ына дейін ұлғаюы мүмкін екені де көрсетілген.
Жалпы алғанда, Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингінің жоғарылауы елдегі қаржылық тұрақтылықтың нығаюы және экономиканың орнықты дамуымен байланысты.
РЕЙТИНГТІҢ ЖОҒАРЫЛАУЫНА НЕГІЗ БОЛҒАН КӨРСЕТКІШТЕР
«Бюджет саясаты аясында қабылданған шаралар мен шикізат бағасының қолайлы деңгейі 2026–2029 жылдары мемлекеттік бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің орта есеппен 1,2–1,3%-ына дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін біз бұл көрсеткішті 2,3% деңгейінде күткен едік. 2025 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 3,7%-ын құрағанын ескерсек, бұл – айтарлықтай оң өзгеріс», – деп атап өтті S&P сарапшылары.
Агенттік Қазақстан экономикасының тұрақтылығына ықпал ететін тағы бірнеше көрсеткішке назар аударды. Төменде тырнақша ішінде S&P есебінен алынған дәйексөздер берілген.
Біріншіден, экономикалық өсімнің жоғары қарқыны. «2026 жылы нақты ЖІӨ 5,1%-ға өседі деп күтеміз». 2027–2029 жылдары экономикалық өсім шамамен 4% деңгейінде орнығады. Агенттік бұл көрсеткіштің «шикізат экспорттайтын экономикасы ұқсас көптеген елден жоғары болатынын» атап өтеді.
Екіншіден, елдің сыртқы қаржысы мен мемлекеттік қоры жеткілікті. Ұлттық банк пен үкіметтің шетелдегі активтерінің жиынтық көлемі елдің жалпы сыртқы қарызынан асып түседі. Сонымен қатар, «Қазақстан үкіметінің қолма-қол пайдалануға болатын активтері, негізінен мемлекеттік депозиттер мен Ұлттық қордың шетелдегі өтімді активтері, алдағы төрт жылда ЖІӨ-нің шамамен 21%-ы деңгейінде сақталады».
Үшіншіден, салық түсімдерінің артуы. 2026 жылдың алғашқы алты айында бюджетке түскен салық көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға өсті. Қосылған құн салығының мөлшерлемесі көтерілгеннен кейін осы салықтан түскен түсім 42%-ға артты. Сонымен қатар салық салынатын кіріс көздерін көбейту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Төртіншіден, мемлекеттік қаржыны басқару тәртібінің жетілдірілуі. 2025 жылы қабылданған жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қаржысын бір жүйеге келтіруге, ұзақ мерзімге арналған жоспарлауды міндеттеуге және Ұлттық қор қаражатын пайдалану талаптарын күшейтуге мүмкіндік берді.
КТК ЖӘНЕ МҰНАЙ ТАСЫМАЛЫНДАҒЫ ТӘУЕКЕЛДЕР
Рейтингтің жоғарылауы Қазақстан экономикасындағы бірқатар мәселенің өзектілігін жоймайды. S&P ел экономикасының әлі де шикізат секторына едәуір тәуелді екенін атап көрсетеді.
«Мұнай Қазақстан экономикасында шешуші рөл атқарады. Бұл салаға ЖІӨ-нің шамамен 15%-ы, мемлекеттік бюджет кірісінің 30%-дан астамы және экспорттың жартысынан көбі тиесілі», – делінген агенттік сарапшыларының қорытындысында.
S&P мұнайды сыртқы нарыққа жеткізу жолдарының шектеулі болуын негізгі тәуекелдердің бірі ретінде қарастырады. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей аумағы арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумымен тасымалданады.
«Қазақстан мұнайының шамамен 80%-ы КТК арқылы Ресей аумағымен Еуропаға жеткізіледі. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салдары Қазақстан мұнайының экспортына кедергі келтіруі мүмкін. 2025 жылы КТК нысандарына, ал 2026 жылы мұнай танкерлеріне жасалған дрон шабуылдары мұндай қауіптің бар екенін көрсетті», – деп атап өтеді S&P.
Қазақстан мұнайын өзге бағыттармен тасымалдау мүмкіндігін де кеңейтіп келеді. Олардың қатарында Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты пайдаланылатын Транскаспий дәлізі мен Қазақстан – Қытай мұнай құбыры бар. Алайда S&P бұл бағыттардың қазіргі мүмкіндігі шектеулі екенін айтады.
Агенттік есебінде: «Бұл бағыттар ел экспортының 20%-дан астамын тасымалдай алмауы ықтимал. Оның үстіне олармен мұнай жеткізу қымбатқа түседі әрі тасымалды ұйымдастыру күрделірек. Өткізу мүмкіндігін арттыру үшін инфрақұрылымға қомақты қосымша инвестиция қажет. Бұл әсіресе Қазақстан – Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігі шектеулі учаскелеріне қатысты», – делінген.
Бұдан бөлек, Қазақстанның мұнай өндіру жоспары ОПЕК+ аясында белгіленген межеден едәуір жоғары. Қазақстан 2027 жылы 101,5 млн тонна немесе тәулігіне шамамен 2,03 млн баррель мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл ОПЕК+ келісімінде 2026 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанға қарастырылған тәулігіне 1,628 млн баррельден едәуір көп. S&P сарапшылары мұның бір себебін Қазақстандағы мұнай өндірісінің басым бөлігі халықаралық компаниялардың үлесінде болуымен байланыстырады.
«Мұндай айырмашылық, кем дегенде ішінара, елдегі мұнайдың басым бөлігін өндіретін халықаралық компанияларға өндірісті қысқарту жөніндегі талаптарды орындатуда үкімет мүмкіндігінің шектеулі болуымен байланысты», – делінген есепте.
Бұл жағдай Қазақстанның мұнай өндіру көлемін ОПЕК+ талаптарына сай реттеуде үкіметтің ықпалы қаншалықты шектеулі екенін аңғартады.
ҚАРЫЗ ҚҰНЫ МЕН ИНФЛЯЦИЯНЫҢ ӨСУІ
S&P сарапшылары назар аударған тағы бір мәселе – мемлекеттің ішкі нарықтан қарыз тартуының қымбаттауы. Мемлекеттік қарыздың шамамен 80%-ы ішкі нарықтан алынған қаражатқа тиесілі. Алайда инфляцияның жоғары болуы мен пайыздық мөлшерлемелердің өсуі жаңа қарыздардың құнын арттырып отыр.
«2026 жылдың алғашқы жартысында мемлекеттік қарыздың орташа тиімді мөлшерлемесі 11,3%-ға жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 7,7% болған. 2027 жылы қарызды өтеуге және оның пайызын төлеуге жұмсалатын қаражат бюджет кірісінің шамамен 11,4%-ына дейін жетіп, ең жоғары деңгейге көтеріледі. 2028 жылдан бастап бұл көрсеткіш біртіндеп төмендейді деп күтеміз», – делінген агенттік материалында.
Мемлекеттік қарыздың жалпы көлемі әзірге айтарлықтай жоғары емес. 2026–2029 жылдары ол орта есеппен ЖІӨ-нің шамамен 22%-ы деңгейінде болады. Алайда бюджет кірісінің 10%-дан астамын қарызды өтеуге және пайыздық төлемдерге жұмсау қажеттігі әлеуметтік және экономикалық бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлеміне әсер етуі мүмкін.
ІРІ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕСІ
Қазақстан экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылым мен энергетика саласында ауқымды жобаларды қолға алуды жоспарлап отыр. Алайда оларды жүзеге асыру үшін ұзақ мерзімге қаржы тарту мәселесі толық шешілмеген. Бұған қоса, квазимемлекеттік сектордың қаржылық міндеттемелері де ұлғайып келеді.
Алдағы жылдары инвестиция көлемі жоғары деңгейде сақталып, ЖІӨ-нің шамамен 30%-ын құрамақ. Бұл жұмысты үйлестіруде «Бәйтерек» холдингіне негізгі рөл берілген. S&P осы инвестициялық бағдарламаның ішінде атом электр станцияларын салу ең көп қаражатты қажет ететін әрі қаржыландыру тетігі әлі толық айқындалмаған бағыт екенін атап өтеді.
«Атом электр станцияларын салу – инвестициялық бағдарламаның ең ірі әрі ауқымды бөлігі. Бір станцияның құны 14–15 млрд долларға бағаланады, алайда оны қаржыландыру тетігіне қатысты әзірге нақты шешім жоқ. Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы салатын алғашқы АЭС 2035–2036 жылдары аяқталады деп күтілуде. Ал екінші станцияның құрылысын China National Nuclear Corp компаниясы жүргізуі мүмкін», – делінген S&P сарапшыларының материалында.
Агенттік квазимемлекеттік сектордағы қарыз көлемінің де артып келе жатқанына назар аударады. S&P есебіне сәйкес, «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» холдингтерінің қаржылық есебіне кіретін өзге ұйымдардың қарызы 2025 жылғы ЖІӨ-нің 15,8%-ынан 2028–2029 жылдары 18%-ға дейін ұлғаюы мүмкін.
S&P «Қазақстан темір жолының» қаржылық жағдайына жеке тоқталған. «Самұрық-Қазына» құрамындағы қаржы секторына жатпайтын компаниялардың басым бөлігінде қарыз көлемі қалыпты деңгейде болса, теміржол компаниясының жағдайы бұдан өзгеше. Агенттік ҚТЖ-ның қарыз жүктемесін қалыпты деңгейге жатқызбайды.
СЫРТҚЫ САУДА ЖӘНЕ АЛТЫН ҚОРЫ
Алдағы бірнеше жылда Қазақстанның сыртқы саудасына түсетін салмақ арта түсуі мүмкін. S&P есебіне сәйкес, 2026 жылы мұнай бағасының бір мезгіл көтерілуі және импорт қарқынының бәсеңдеуі ағымдағы шот тапшылығын уақытша ЖІӨ-нің 0,1%-ына дейін азайтады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,1% болған. Алайда мұндай жағдай ұзаққа созылмайды.
2027 жылдан бастап жағдай қайта өзгере бастайды. 2028 жылы ағымдағы шот тапшылығы ЖІӨ-нің 3,7%-ына дейін ұлғаюы мүмкін. Бұған бірнеше фактор әсер етеді:
- Brent мұнайының бағасы 2026 жылы барреліне 110 доллардан 2027 жылы 80 долларға, ал 2028–2029 жылдары 65 долларға дейін төмендеуі;
- ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін шетелден әкелінетін жабдыққа сұраныстың жоғары болуы;
- мұнай-газ секторындағы шетелдік инвесторлардың табысын елден әкетуіне байланысты қаражаттың тұрақты түрде сыртқа шығуы.
Ұлттық банктің халықаралық резервтерінің құрылымына қатысты да белгілі бір тәуекел бар. 2026 жылы 30 маусымда олардың көлемі 61,8 млрд долларды құрады. Соның шамамен 77%-ы алтын түрінде сақталады.
«Ресми резервтердегі алтын үлесінің жоғары болуы Қазақстанның сыртқы қаржылық жағдайын әлемдік нарықтағы алтын бағасының өзгерісіне тәуелді етеді», – деп жазады S&P сарапшылары.
Демек, Ұлттық банктің резервте алтын үлесін арттыруы, бір жағынан, қор көлемін сақтауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, оның құнына әлемдік нарықтағы алтын бағасының өзгерісі көбірек ықпал ететін болады.
БӘРІ ОЙДАҒЫДАЙ
Ал Қазақстан Ұлттық банкі елдің тәуелсіз кредиттік рейтингінің жоғарылауына қатысты мынадай мәлімет таратты :
«Рейтингтің көтерілуіне әлемдегі белгісіздік пен шикізат нарығындағы тұрақсыздық жағдайында Қазақстан экономикасының орнықтылық танытуы негіз болды. Рейтинг бойынша «тұрақты» болжам елдің қомақты валюталық резервтеріне және мұнайдан тыс бюджет тапшылығының одан әрі қысқаратынына байланысты берілген. Валюталық резервтер сыртқы күйзелістердің экономикаға ықпалын бәсеңдетуге мүмкіндік береді. Агенттік Ұлттық банктің инфляцияны төмендету бағытында қабылдаған шаралары ақша-кредит саясатының негізін нығайтқанын да атап өтті. 2026 жылы шілдеде инфляцияның 10,2%-ға дейін төмендеуіне Үкімет пен Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты, макропруденциялық реттеу және бюджет тапшылығын қысқарту бағытындағы бірлескен шаралары да ықпал етті. S&P сарапшылары 2026 жылы нақты ЖІӨ 5,1%-ға өседі деп есептейді. Алдағы бірнеше жылда бюджет шығыстарын реттеу, ірі мемлекеттік кәсіпорындардың бюджеттен тыс қаржылық белсенділігін азайту және қаржы секторындағы тәуекелдерді шектеу шаралары нәтижесінде экономикалық өсім шамамен 4% деңгейінде сақталуы мүмкін. Бұл экономикасы ұқсас елдердің көрсеткішінен жоғары. S&P Ұлттық қор қаражатын пайдалану талаптарының күшейтілуі мемлекет иелігіндегі өтімді активтердің қомақты көлемін сақтауға және қаржы қорларының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ұлттық қор көрсеткіштерінің жақсаруына инвестициялық кірістің жоғары болуы да әсер еткен. 2025 жылы оның кірістілігі 15%-ды құрады».
Сонымен бірге Ұлттық банктің ресми хабарламасында S&P шешімінің оң тұстарына басымдық берілген. Ал агенттіктің толық есебінде егжей-тегжейлі қарастырылған экономиканың осал тұстары мен бірқатар шектеу бұл хабарламада қамтылмаған.
Сөз соңында S&P есебіндегі тағы бір жайтқа тоқталайық. Агенттік экономикалық, бюджет және сыртқы қаржы көрсеткіштері күткен деңгейден едәуір нашарлаған жағдайда Қазақстанның рейтингі төмендеуі мүмкін екенін ескертеді. Бұған, мәселен, әлемдік нарықта мұнай бағасының ұзақ уақыт бойы төмен болуы немесе Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалының ұзақ мерзімге іркілуі себеп болуы ықтимал.




