Евразия24Басты бетҚазақстанда билікте қалудың құны қандай?

Қазақстанда билікте қалудың құны қандай?

|

|

Саяси көшбасшы үшін билікті сақтап қалу – саяси, экономикалық және әлеуметтік факторлар тоғысқан күрделі міндет. Биліктің тұрақтылығы президентті қолдайтын топтың қаншалықты ауқымды болуына тікелей байланысты. Қолдауға қоғамның қалың тобы қажет болса, билік инфрақұрылымды дамытуға, халық игілігіне арналған жобаларға қаржы бөлуге мүдделі болады. Ал саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ықпалды бірнеше жүз шенеунік пен кәсіпкердің қолдауы жеткілікті болса, олардың әрқайсысына жеке артықшылықтар мен жеңілдіктер беру арқылы мәселені шешуге болады.

Брюс Буэно де Мескита мен Алистер Смиттің «Настольная книга диктатора. Почему плохое поведение почти всегда – хорошая политика» атты кітабы Құрылтай сайлауына басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Авторлардың тұжырымы бойынша, билікті сақтап қалудағы басты мәселе – саяси жүйенің тұрақтылығы үшін нақты қанша адамның қолдауы қажет екенінде.

Демократиялық мемлекетте сайлауда жеңіске жету үшін миллиондаған адамның дауысы керек. Сондықтан саяси көшбасшы билігін сақтап қалу үшін қалың көпшіліктің мүддесін ескеруге мәжбүр. Бұл білім беру мен денсаулық сақтау саласына, қоғамдық қауіпсіздік пен инфрақұрылымға қаржы бөлу, сондай-ақ кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау арқылы көрініс табады. Яғни билік неғұрлым көп адамның қолдауына тәуелді болса, қоғамға ортақ игіліктерге соғұрлым көбірек инвестиция салуға мүдделі болады.

Билікті сақтап қалу үшін бірнеше жүз шенеунік пен кәсіпкердің қолдауы жеткілікті болса, жағдай мүлде басқаша өрбиді. Мұндайда министрлер, әкімдер, күштік құрылым басшылары мен бизнес өкілдерінің әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіледі. Біріне – қызмет, екіншісіне – несие, енді біріне – мемлекеттік тапсырыс, лицензия, келісімшарт немесе басқа да артықшылық берілуі мүмкін.

Құрылтай депутаттары партиялық тізіммен сайланады. Мұның өзі билік үшін қолдауы маңызды саяси күштердің аясын тарылтады. 23 тамыздағы сайлауда Қазақстан Халық партиясы мен «Байтақ» бес пайыздық межеден өте алмады. Демек, Құрылтайдағы саяси күштердің арақатынасын есептегенде бұл екі партия енді ескерілмейді.

Ал «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның мандаттарын түгел қосқанның өзінде, бір палаталы парламенттегі үлесі мардымсыз. Сондықтан олардың Құрылтайдағы шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі де шектеулі.

Ал 145 орынның 110-ын иеленген «Әділеттің» салмағы мүлде бөлек. Осы тұста «Диктатордың анықтамалығында» сөз болатын тағы бір мәселе алға шығады: мемлекет басшысының билігіне тірек болып отырған саяси ойыншылардың ешқайсысының шамадан тыс күшейіп кетуіне жол бермеу керек. Қазақстан жағдайында «Әділеттің» құрылымы билік бір адамның қолына шоғырланбайтындай етіп құрылған. Соған қарамастан, Айбек Дадебайдың қолындағы саяси мүмкіндік пен ықпал көлемін парламенттегі өзге партиялардың барлық басшысын қосып есептегенде де, олармен салыстыру қиын.

Екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайдың келуі ел саясатындағы ықпалды тұлғалардың ендігі орны қандай болатынына қатысты бірқатар сұрақ туғызды. Бұған дейін Сенат өңірлерде салмағы бар саясаткерлер тұрақтайтын орынның бірі еді. Бірі мұнда жоғары қызметке тағайындалатын уақытын күтсе, енді бірі зейнетке таяған шағында саяси мансабының соңғы кезеңін салыстырмалы түрде тыныш өткізетін.

Енді Сенаттан кеткен ондаған саясаткерге саяси жүйеден жаңа орын табу қажет. Оның үстіне, олардың көбі орталық пен өңірлер арасындағы қарым-қатынасқа ықпал етіп келген тұлғалар. Өңірде беделі мен ықпалы бар мұндай саясаткерлерді орталық биліктен түскен тапсырманы ғана орындайтын қатардағы қызметкер деңгейіне түсіру оңай емес.

Қазақстан аумағының кеңдігі де өңірлердің мүддесін елемеуге мүмкіндік бермейді. Аймақтардағы жемқорлықтың ауқымының өзі әкімдердің айналасында қалыптасқан басқару жүйесінің қаншалықты ықпалды екенін аңғартады.

Қазақстанның алып аумағы мен елдегі негізгі басқару тетігі саналатын Президент Әкімшілігінің жұмыс істеу тәсілі арасында белгілі бір қайшылық бар. Президент Әкімшілігінің қазіргі басқару жүйесі шешімдердің жоғарыдан қабылданып, төменгі буында бұлжытпай орындалуына негізделген. Мұндай жағдайда министрліктер мен әкімдіктерден дербес саяси бастама емес, орталықтың тапсырмасын орындау күтіледі. Алайда Алматы секілді ірі мегаполис немесе мұнайлы өңірдің орталығы Атырау сияқты қалаларды басқарғанда, мұндай тәсілдің мүмкіндігі шектеулі. Өйткені бұл жерде өкілеттікті кімге беру, қаржыны кім басқаратыны және қабылданған шешім үшін кім жауап беретіні сияқты мәселелер бәрібір алдыңғы қатарға шығады.

Ірі бизнеске келгенде де жағдай осыған ұқсас. Каспий құбыр консорциумы, Qarmet, «Қазмырыш», Kaspi және басқа да ондаған алпауыт компанияның иелерімен санаспау мүмкін емес. Өйткені олардың қолындағы активтердің көлемі ғана емес, ел экономикасының тұтас салалары мен көптеген адамның тұрмыс-тіршілігі де осы компаниялардың жұмысына тікелей байланысты.

Брюс Буэно де Мескита мен Алистер Смит сипаттаған билікті сақтау үлгісінде қолдаушылар қазіргі жүйенің сақталғанына мүдделі болатындай жағдайы жақсы болуы керек. Бірақ сонымен бірге олар билік басындағы көшбасшыға мұқтаж болмай қалатындай дәрежеде дербестікке ие болмауы тиіс.

Алайда Қазақстандағы саяси жүйе бір орында тұрған жоқ, оның өз ішкі өзгерістері мен даму бағыты бар. Әлемдік нарықтағы ахуалдың ауысуы немесе геосаяси жағдайдың өзгеруі ел ішіндегі күштердің арақатынасына да елеулі ықпал етеді.

Құрылтай сайлауының аяқталуы саяси процестің біткенін білдірмейді. Керісінше, енді бүкіл жүйенің тұрақтылығын сақтау үшін саяси элита мен ірі ықпал иелерінің мүдделерін үйлестіруге бағытталған ұзақ әрі күрделі кезең басталады. Бұл үдеріс кадрлық өзгерістерсіз, саяси күштердің арақатынасын қайта қараусыз және меншіктің қайта бөлінуінсіз өтпесі анық. Өйткені капиталистік жүйедегі саяси өмірдің өз заңдылығы бар.

Іс жүзінде Жаңа Қазақстанның тұрақтылығы, өзгерістерге төтеп беру қабілеті мен басқару тиімділігі енді нақты сынала бастады.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстанда фастфуд жарнамасына тыйым салынуы мүмкін

Президент Үкіметке фастфудтың шектен тыс жарнамалану мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырды. «Тағы бір назар аударатын мәселе – қоғамдық кеңістікті жайлаған фастфуд жарнамасы

14 тамыздағы блэкаут: KEGOC-қа қатысты шешім қажет

Қазақстандық энергетиктердің жедел қимылдағанын айтсаңызшы! Бір-бірінен ажырап, бірнеше бөлікке бөлініп кеткен оңтүстік өңірдің электр жүйесін аз уақыттың ішінде қайта қалпына келтірді.

Арман қуып барып, ажал құшты

Шарджада қазақстандық апалы-сіңлілі Ақжан және Жұлдыз Бохановалар қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, олар кісі қолынан қаза болуы мүмкін.

Оқу-ағарту министрлігі тоқсандық жиынтық бағалауды алып тастады

«Қазақстанда оқушылардың білімін бағалау тәртібі өзгереді. Атап айтқанда, аралық бағалау енгізіліп, тоқсан соңында өткізілетін жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталады.