Мәскеу. 28 тамыз. ИНТЕРФАКС – Жұма күнгі сауда қорытындысында Азия-Тынық мұхиты аймағы (АТА) елдерінің қор нарықтарында ортақ бағыт байқалмады.
Қытайдың Shanghai Composite индексі 0,11%-ға төмендеді, ал Гонконгтың Hang Seng индексі 0,07%-ға өсті.
Trading Economics мәліметінше, инвесторлар Қытайдың Иранмен байланысына байланысты АҚШ тарапынан санкция енгізілуі мүмкін деген жаңа мәлімдемелерге айтарлықтай мән берген жоқ. АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Қытай банктеріне де шектеу қойылуы мүмкін екенін меңзеді.
Соған қарамастан Шанхай биржасындағы сауда қорытындысында Қытайдың бес ірі банкінің төртеуінің акциялары қымбаттады. Атап айтқанда, Bank of Communications қағаздары 0,4%-ға, Industrial & Commercial Bank of China – 0,5%-ға, Bank of China – 0,8%-ға, China Construction Bank – 1,1%-ға өсті. Ал осы топқа кіретін Agricultural Bank of China акцияларының бағасы өзгерген жоқ.
Гонконгта BYD Electronic (+6,3%), Aluminum Corp. of China (+3,6%) және Sunny Optical Technology (+3,3%) акциялары ең жоғары өсім көрсетті.
Pop Mart акциялары 3,1%-ға, Xinyi Solar – 2,8%-ға, BOC Hong Kong – 2,3%-ға, PetroChina Co. – 2,2%-ға, Chow Tai Fook Jewellery – 2%-ға, China Petroleum & Chemical Corp. – 1,8%-ға, Tencent – 1,7%-ға қымбаттады.
China Vanke компаниясының бірінші жартыжылдықтағы қаржылық көрсеткіштері әлсіз болғанына қарамастан, акциялары 2,5%-ға өсті. Девелопердің таза шығыны бір жыл бұрынғы 11,95 млрд юаньнан 14,95 млрд юаньға ($2,2 млрд) дейін ұлғайып, түсімі 33%-ға азайды.
Hang Seng құрамында Orient Overseas (-8,7%), Techtronic Industries (-2,5%), Lenovo және China Overseas Land (-2,5%), China Mengniu Dairy (-2,2%), China Resources Land (-2%), Haidilao International (-1,9%), Trip.com (-1,8%), Semiconductor Manufacturing International және CSPC Pharmaceutical (-1,6%-дан) акциялары едәуір төмендеді.
Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,41%-ға көтерілді.
Trend Micro компаниясының нарықтық құны 5,9%-ға, Recruit Holdings – 4,9%-ға, Nomura Research – 4,4%-ға, M3 – 4,3%-ға, Fujitsu – 4%-ға, Mitsubishi Motors пен Taiyo Yuden – 3,9%-ға, NEC – 3,7%-ға артты.
Toyota Motor акциялары компанияның сату көрсеткіштері төмендегеніне қарамастан 1,3%-ға қымбаттады. Компанияның әлемдік нарықтағы сатылымы осымен алтыншы ай қатарынан азайып отыр. Шілдеде көрсеткіш өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 5,3%-ға төмендеді.
Dentsu Group коммуникациялық холдингіне кіретін Dentsu Soken IT-компаниясының акциялары 6,2%-ға қымбаттады. Бұған Itochu Corp.-тың миноритарлық акционерлер иелігіндегі акцияларды сатып алу туралы ұсынысы себеп болды. Dentsu Group акциялары 3,6%-ға, Itochu акциялары 0,6%-ға өсті.
Ал Nikkei 225 құрамында Kioxia Holdings (-8,8%), Furukawa Electric (-4,6%), Sumitomo Electric Industries (-3,3%), Fuji Electric пен Ebara (-2,9%-дан), сондай-ақ Socionext (-2,7%) акциялары ең көп арзандады.
Жұма күні жарияланған деректер бойынша Жапонияда жұмыссыздық деңгейі маусымдағы 2,5%-дан шілдеде 2,4%-ға дейін төмендеді. Trading Economics мәліметінше, сарапшылар көрсеткіш өзгермейді деп болжаған.
Елдегі баға өзгерісінің негізгі көрсеткіштерінің бірі саналатын Токиодағы жалпы тұтыну инфляциясы (CPI) маусымдағы 1,8%-дан шілдеде жылдық есеппен 1,9%-ға дейін үдеп, соңғы бес айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Базалық Core CPI көрсеткіші 1,7%-дан 1,8%-ға дейін өсті.
Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 1,79%-ға төмендеді.
Әлемдегі ірі чип және смартфон өндірушілерінің бірі Samsung Electronics акциялары 3,4%-ға, SK Hynix – 4,4%-ға, Posco – 0,6%-ға, LG Energy Solution – 0,1%-ға арзандады.
Samsung Biologics акциялары 6,8%-ға құлдырады. Бұған компанияның PolyPeptide Group-ты сатып алуды қаржыландыру үшін 3 трлн корей вонына ($2,2 млрд) жаңа акция шығару жоспары туралы хабар себеп болды.
Korean Air Lines акциялары 1,8%-ға, KB Financial Group – 2,1%-ға, Hyundai Motor – 1%-ға, Korea Zinc – 0,2%-ға қымбаттады.
Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,6%-ға көтерілді.
Бірінші жартыжылдықтағы мықты қаржылық есебін жариялаған бұлттық шешімдер мен заттар интернеті (IoT) технологияларын жеткізуші Dicker Data акциялары 20,7%-ға қымбаттап, өсім бойынша көш бастады. Компанияның түсімі 14,2%-ға, EBITDA көрсеткіші 37,3%-ға артты.
Ал WAM Capital инвестициялық компаниясының акциялары 18,5%-ға арзандап, ең үлкен төмендеу көрсетті. Компанияның қаңтар–маусымдағы нәтижелері нарық қатысушыларының көңілінен шықпады.
Әлемдегі ең ірі тау-кен компаниясы BHP акциялары 1,4%-ға қымбаттады, ал оның бәсекелесі Rio Tinto-ның нарықтық құны 0,4%-ға төмендеді.




