Вашингтон. 28 тамыз. ИНТЕРФАКС – Еуропалық комиссия (ЕК) қыркүйектің соңында Еуроодаққа жаңа мемлекеттерді қабылдау тәртібін өзгертуге бағытталған бірқатар ұсынысын ЕО-ға мүше елдерге жолдайды, деп хабарлады жұма күні Bloomberg.
«ЕО кеңею үдерісін ұйымдастыру тәртібін түбегейлі өзгертуді көздеп отыр. Еурокомиссия реформалар жөніндегі ұсыныстарын қыркүйек соңында мүше мемлекеттер мен Еуропарламентке ұсынады», – деп хабарлады агенттік.
Бұдан кейін Брюссель әзірлеген бастамаларды ЕО елдерінің басшылары талқылайды деп жоспарланып отыр.
Еурокомиссия ұсынған шаралар ЕО құрамына жаңа мемлекеттер қосылған жағдайда да одақты тиімді басқаруға мүмкіндік беруге тиіс. ЕК бұл өзгерістерді Еуроодақ қызметін реттейтін негізгі келісімдерге түзету енгізбей-ақ, қысқа мерзімде жүзеге асыруға болады деп есептейді.
Ұсыныстардың бірі маңызды шешімдерді бірауыздан қабылдау талабын азайтып, білікті көпшілік дауыспен шешім қабылдау тәсілін кеңінен қолдануды көздейді. Авторлардың пікірінше, бұл аз ғана мемлекеттің қандай да бір шешімнің қабылдануына тосқауыл қою мүмкіндігін шектейді.
Бастамалардың тағы бір бөлігі ЕО елдеріндегі демократиялық институттарды қосымша қорғауға арналған. Бұл шаралар одаққа жаңадан кірген мемлекеттердің мүшелікке қабылданғаннан кейін демократиялық талаптардан кері шегінуіне жол бермеуді көздейді.
Сонымен қатар ЕО-ның қазіргі мүшелерін жаңа мемлекеттердің қосылуынан туындауы ықтимал қолайсыз салдардан қорғауға бағытталған шаралар ұсынылып отыр.
Бұдан бөлек, Еурокомиссия барлық мүше мемлекетке бірдей құқық пен міндет жүктейтін қазіргі тәртіпті қайта қарауды ұсынады. Оның орнына ЕО-ға кезең-кезеңімен қосылу тәсілін енгізу қарастырылған. Мұндай жағдайда жаңа мемлекеттер одаққа қабылданған сәттен бастап бірден толық құқықты мүше мәртебесін алмайды. Бұл бастаманы қолдаушылар осы тәсіл арқылы, бір жағынан, ЕО-ның кеңеюін жеделдетуге, екінші жағынан, жаңа мүшелерді одақ жұмысына толыққанды қатысуға біртіндеп дайындауға болады деп санайды.




