Брюссель. 30 тамыз. ИНТЕРФАКС – Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес АҚШ-пен мұнай саласында жасалған келісім 25 жылға есептелгенін мәлімдеді.
«Бұл – 25 жылға арналған екіжақты жоба. Оның аясында стратегиялық маңызы бар 17 мұнай кен орнын игеріп, тәулігіне 1,5 млн баррель мұнай өндіру көзделген», – деді Родригес мемлекеттік телеарна арқылы жасаған үндеуінде.
Родригестің айтуынша, тәулігіне 1,5 млн баррель – бастапқы меже. Кейін тағы сегіз мұнай кен орнын игеру жоспарланып отыр. Мұнай бағасы барреліне 65 доллар болған жағдайда, жоба Венесуэлаға 209 млрд доллар кіріс әкеледі деп есептелген. Родригестің мәлімдеуінше, сатылған әр баррельден 19 доллар тікелей ел бюджетіне түседі.
Уақытша президент Венесуэла табиғи ресурстарына иелік ету және оларды басқару құқығын өзінде сақтайтынын айтты. Сонымен бірге ел санкциялардан зардап шеккен мұнай саласын жаңғыртуға қажетті инвестиция, технология мен тәжірибеге қол жеткізбек.
Каракас пен Вашингтон арасындағы уағдаластық Венесуэладағы қатаң бағытты ұстанушылар мен оппозиция тарапынан сынға ұшырады. Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, келісім жөніндегі келіссөздерге венесуэлалық оппозиция өкілдері қатыспаған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Венесуэламен тарихтағы ең ірі мұнай келісімін жасағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, осы келісім арқылы АҚШ Венесуэладағы дәлелденген 65 млрд баррельден астам мұнай қорына бақылау жүргізуге мүмкіндік алады, әрі бұл америкалық салық төлеушілерге қосымша шығын әкелмейді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Вашингтонмен жасалған мұнай келісімінің арқасында Венесуэлаға 100 млрд долларға жуық жеке инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады.




