Kazinform хабарлайды: «Жаңа заң шығарушы органдағы сегіз комитеттің жетеуіне парламенттегі басымдыққа ие «Әділет» партиясының депутаттары жетекшілік етеді. Ал Аграрлық мәселелер комитетінің төрағалығына «Ауыл» партиясының өкілі Серік Егізбаев сайланды. Депутаттардың дауыс беру қорытындысы бойынша Аграрлық мәселелер комитетін – Серік Егізбаев, Әлеуметтік-мәдени даму комитетін – Асхат Аймағамбетов, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетін – Үнзила Шапақ, Қаржы және бюджет комитетін – Ольга Перепечина басқаратын болды. Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы болып Әмірбек Оспанбеков, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып Марат Қожаев, Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы болып Дархан Ахмедиев, Экономикалық саясат, энергетика және өнеркәсіп комитетінің төрағасы болып Наталья Годунова сайланды. Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте жеті, Сенатта алты бейінді комитет жұмыс істеген. Бүгін Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымының алғашқы сессиясы ашылды. (…) Құрылтай депутаттары жаңа заң шығарушы органның төрағасы етіп Айбек Дәдебайды сайлады. Құрылтай төрағасының орынбасарлары қызметіне Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева сайланды».
Еуразия24 пікірі:
Құрылтай басшылығына жаңа есімдермен қатар саяси ортада тәжірибе жинақтаған тұлғалар да келді. Осыған орай олардың әрқайсысына қысқаша тоқталып өтейік.
Айбек Дәдебай – саясаттағы биік қызметке дәстүрлі саяси жолмен келген тұлға емес. Оны көпшілік алдында жүрген саясаткерден гөрі мемлекеттік аппарат пен дипломатия мектебінен өткен маман деуге болады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін дипломатиялық қызметте көпшілік назарынан тыс жұмыс істеді. Кейін Президент Іс басқарушысы болып тағайындалып, содан бері Ақордадағы қызметін жалғастырды. 2026 жылдың мамырында ғана жаңадан құрылған «Әділет» партиясының төрағасы болған Дәдебай араға үш ай салып Құрылтай басшылығына келді. Қазіргі саяси реформалардың Президент бастамасымен жүзеге асып жатқанын ескерсек, Айбек Дәдебайдың соңғы жылдардағы қызметтік жолы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі жаңа жетекші саяси күштің басшысына айрықша сенім артатынын аңғартса керек.
Нұрлан Бекназаров – жаңа басшысы Дәдебайдан кем түспейтін қызықты саяси тұлға. Оның еңбек жолында мемлекеттік аппараттағы күрт өрлеу байқалмайды, есесіне Қазақстан саясаты үшін өзіндік ерекшелігі бар тәжірибе қалыптасқан. Шымкент қалалық мәслихатында 19 жыл депутат болған Құрылтай төрағасының орынбасары бизнес, сақтандыру және спорт салаларында да еңбек етті. Сенатқа екі рет сайланып, конституциялық заңнама мен құқық саласында мол тәжірибе жинады. Біздіңше, вице-спикер қызметі Нұрлан Бекназаровтың Құрылтайдың қазіргі үлгісін қалыптастыруға белсенді атсалысқаны үшін берілген өзіндік бір «рақмет» деуге келеді.
Дания Еспаева – елдің заң шығарушы органына жақсы таныс саясаткер. Бұған дейін Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарса, енді Құрылтай вице-спикері болды. Парламенттік оппозицияның танымал өкілдерінің бірі екенін ескерсек, оның Мәжілісте де, Құрылтайда да басшылық қызмет атқаруы заң шығарушы органда балама саяси күштің пікіріне орын берілгенінің бір көрінісі деуге болады. Дания Еспаеваның кандидатурасын вице-спикер қызметіне Айбек Дәдебайдың өзі ұсынғаны да назар аударарлық.
Динара Зәкиева – халықаралық құқық маманы, көпшілікке бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде кеңінен танылған. Алайда «Милосердие» қайырымдылық қорының басшысы Аружан Саиннан кейін осы қызметке келгенге дейін Зәкиева Президент Әкімшілігінде алты жыл Президент протоколының сарапшысы болып жұмыс істеген. Белгілі шекара қызметінің генералы Болат Зәкиевтің қызы Динара бес тіл меңгерген. Ал бірнеше тіл білетін саясаткерлерге Президенттің ықыласы бөлек сияқты. Оның үстіне Қазақстанда Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты жүзеге асырылып жатқан тұста Құрылтай басшылығында құқық қорғау саласынан хабары бар заңгердің болуы да заңды шешім деуге келеді.
Құрылтай құрамындағы назар аударуға тұрарлық тұлғалар туралы жеке сараптамалық материалды жуық арада біздің эксклюзивтен оқи аласыздар.




