Евразия24Басты бетБатыста Ресей әрекетін талқылауға шектеу қойылған

Батыста Ресей әрекетін талқылауға шектеу қойылған

|

|

Еуропалық одақ елдерінде қоғамдық пікірге ықпал ету әрекеттері, шамасы, қоғамның «түсіндіру» мен «ақтаудың» арасындағы айырмашылықты ажыратуына кедергі келтірді. Қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін Ресей НАТО-ның кеңеюін өз қауіпсіздігіне төнген басты қатер, ал Украинаның альянсқа қосылуын елдің өмірлік мүддесіне тікелей қауіп деп қабылдағанын көрсететін деректер аз емес. Соған қарамастан, біздің саяси және медиа элита мұның себеп-салдарын түсіндіруге бағытталған кез келген пікірді «ақтау» деп бағалап, оған шектеу қояды. Осылайша, соғысты тоқтатуға мүмкіндік беретін саяси келісім жолдарын талқылаудың өзі барған сайын қиындап барады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия менің еліме, Норвегияға басып кірді. Бұл қадамға белгілі бір деңгейде алдын ала қауіптің жолын кесу ниеті түрткі болды. Ұлыбритания Норвегияның Атлант мұхитына шығатын жағалауын бақылауға алу, Германия үшін аса маңызды темір кені жеткізілетін бағыттарды үзу және солтүстіктегі шебін неміс әскерінен қорғау үшін Норвегия аумағына әскер кіргізу мүмкіндігін қарастырған еді. Норвегия бейтарап мемлекет болатын. Алайда британ флоты елдің рұқсатынсыз Норвегияның аумақтық суларында әрекет еткендіктен, оның бейтарап мәртебесінің сақталатынына кепіл болмады.

Осы тарихи деректерді келтіру арқылы мен нацистік Германияның Норвегияға басып кіруін «ақтап», оған «заңды сипат» беріп отырмын деуге бола ма? Жоқ. Бұл мысалдар мемлекеттердің қауіпсіздік саласындағы мүдделері қалай тоғысатынын түсіндіру үшін келтірілді. Қоғамның стратегиялық пайымнан, сөз бостандығынан, дипломатиялық жолмен келісім іздеуден және бейбітшілікке ұмтылыстан неге алыстап бара жатқанын түсіну үшін Еуропадағы саяси және медиа ортада соғыс туралы қалыптасқан ұстанымдардың қалай қорғалатынына назар аудару қажет.

Батыстағы соғыс туралы түсініктің негізінде Ресейдің Украинаға басып кіруіне ешқандай алғышарт болған жоқ деген тұжырым жатыр. Ал НАТО-ның кеңеюі бұл жағдайға қалай ықпал еткенін сөз еткендер сынға ұшырап, оларға қысым жасалады. Алайда бұған дейінгі дипломатиялық бағалаулар мәселенің әлдеқайда күрделі болғанын көрсетеді. Кейін ЦРУ директоры болған АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі 2008 жылы Украинаны НАТО-ға тарту әрекеті ел ішіндегі қақтығысты ушықтырып, тіпті азаматтық соғысқа әкелуі мүмкін екенін жазған. Мұндай жағдайда Мәскеудің де шет қалуы екіталай болатынын айта келе, Ресейдің оқиғаның дәл осылай өрбігенін қаламайтынын жазған. Бұл пікір Ресей Украинаға ешбір алғышартсыз басып кірді әрі оның мақсаты Кеңес Одағын қайта құру болды деген кейінгі тұжырымнан мүлде бөлек сипаттағы жағдайды аңғартады.

Ресей әскерінің Украина аумағына кірген алғашқы күнінің соңында Зеленский Мәскеуден соғысты тоқтату мүмкіндігін талқылау жөнінде ұсыныс түскенін растады. Басты шарт – Украинаның бейтарап мәртебесіне қайта оралуы еді. Үш күннен кейін Мәскеу мен Киев осы мәселені негізге ала отырып, бейбіт келіссөздерді бастауға келісті. Алайда бұл жайт біздің ақпарат құралдарында көп айтыла бермейді. Өйткені мұндай деректер Ресейдің әрекетін ешқандай алғышартсыз жасалған басқыншылық ретінде сипаттайтын қалыптасқан ұстанымға үйлеспейді. Стамбулдағы келіссөздер нәтиже бермегеннен кейін арағайындық жасаған Түркия мен Израиль өкілдері Ресей мен Украина Украинаның бейтарап мәртебесін қалпына келтіру жөніндегі келісімге біршама жақындағанын мәлімдеді. Алайда олардың айтуынша, АҚШ пен Ұлыбритания келіссөздердің жалғасуына мүдделі болмады. Себебі Батыста бұл соғысты Ресейге қарсы күрестің және оның әлеуетін әлсіретудің мүмкіндігі ретінде қарастырған күштер болды.

Зеленскийдің өзі де 2022 жылы наурызда The Economist басылымына берген сұхбатында Батыс елдерінің мүддесі бір жерден шықпайтынын айтқан еді: «Әркімнің өз мүддесі бар. Батыста соғыстың ұзаққа созылғанына қарсы емес күштер бар. Өйткені бұл Ресейді әлсіретеді. Тіпті оның салдары Украина үшін ауыр болып, украиналықтардың қаза табуына әкелсе де». Соған қарамастан, Батыста НАТО-ның Украина тарапынан түскен мүшелікке ұмтылысты қолдаған ұйым ретіндегі бейнесіне ғана басымдық берілетіндей әсер қалыптасқан. Автордың пайымдауынша, бұл ретте 1991–2014 жылдары жүргізілген сауалнамаларда НАТО-ға қосылуды қолдаған украиналықтардың үлесі аз болғаны ескерусіз қалады. Осының салдарынан мәселені талқылау аясы барынша тарылып отыр: Ресейдің басып кіруін ешқандай алғышартсыз жасалған әрекет деп бағалау «Украинаны қолдайтын» ұстанымның басты өлшеміне айналса, бұған келіспейтін кез келген пікір «Ресейді қолдау» ретінде қабылданады. Неліктен?

2014 жылдан бері Украинадағы жағдай біртіндеп күрделене түсті. Осы үрдіс жалғаса берсе, елдің тұтастығына қауіп төнуі мүмкін. Ал мәселені басқа қырынан қарастырып, Ресей Украинаның НАТО-ға қосылуына жол бермейтінін мойындасақ, жағдайды саяси жолмен реттеуге мүмкіндік туады. Автор мұны АҚШ-тың өз шекарасына жақын Мексикада Ресей әскерінің орналасуына келіспейтінімен салыстырады. Осындай ұстаным негізінде тараптардың қауіпсіздік мүдделерін ескеретін келісімге келіп, Украинаны Еуропадағы геосаяси текетірестің алдыңғы шебінен шығаруға болар еді. Бұл елдің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, экономикалық дамуына жағдай жасауға мүмкіндік берер еді.

Алайда қауіпсіздік саласындағы текетіресті бәсеңдету мүмкіндігін сөз етудің өзі Ресейдің басып кіруін «ақтау», «заңдастыру» немесе оған «кешіріммен қарау» ретінде қабылданады. Осылайша, Батыс өзі қалыптастырған ұстанымдардың құрсауында қалды. Соның салдарынан жеңіске жете алмайтын соғысты бейбіт жолмен тоқтатудың амалдарын іздеудің өзі мүмкін болмай отыр.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Гранатасыз, «құрбысыз» қалған Гүлнар: бұл хикая әлі біткен жоқ…

Құрылтай сайлауының қызу да бірсарынды науқаны кезінде «Еуразия24» редакциясының...

Танымалдық деген осы шығар

Ақмарал Баталованың «Купол юрты»  арнасында Наталия Асеевамен болған «Тарихымызды кім жазып жүр?» атты сұхбат жарияланды . Жазба көрермен арасында қызу талқыға түсіп, екі жарым мыңға жуық пікір қалдырылған.

Өсімқорлықпен айналысқан Ростовщиков 1 млрд теңгеге жуық заңсыз табыс тапқан

Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз несие беріп, үстінен пайыз алып келген ер адам екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Бір қызығы, оның тегі де айналысқан ісіне сай келіп тұр.

Құрылтай басшылығы жасақталды

«Жаңа заң шығарушы органдағы сегіз комитеттің жетеуіне парламенттегі басымдыққа ие «Әділет» партиясының депутаттары жетекшілік етеді.