Ақмарал Баталованың «Купол юрты» арнасында Наталия Асеевамен болған «Тарихымызды кім жазып жүр?» атты сұхбат жарияланды . Жазба көрермен арасында қызу талқыға түсіп, екі жарым мыңға жуық пікір қалдырылған.
Іс мұнымен аяқталған жоқ. Көп ұзамай Наталия Асеева мен Ақмарал Баталованың дипфейк видеолары да шықты. Онда екеуі де «тексерілмеген мәлімдемелер» үшін кешірім сұрайды. Жасанды интеллект арқылы жасалған дауыс олардың өз дауысына өте ұқсас.
Видеоның аңдатпасында әңгіме Қазақстан тарихының қалай қалыптасатыны және көпшілікке белгілі тарихи деректер, сандар мен тұжырымдардың қаншалықты шындыққа жанасатыны төңірегінде өрбігені айтылады. Сұхбат барысында Қазақстан тарихына арналған жаңа жеті томдық, Ашаршылық пен Желтоқсан оқиғаларына қатысты даулы деректер, тарихи дереккөздер сөз болған. Сондай-ақ Қазақстанның отарлану үдерісі мен Ресей империясының құрамына қосылу сипаты, өткенге берілетін бағаның оқулықтарда, кітаптар мен бұқаралық ақпарат құралдарында қалай өзгеріп отырғаны талқыланған. Тарихи ақиқаттың өлшемін кім белгілейді? Тарихты қайта жазуға бола ма? Жаңа пайым мен тарихи деректі бұрмалаудың арасы қай тұстан ажырайды? Бағдарламада осы сауалдар тарихи деректер мен ұлттық жады тұрғысынан қарастырылады.
Бір қызығы, қарсы тарап сұхбатта айтылған пікірлерді жоққа шығаратын дәлел келтірмеді, көтерілген сауалдарға да жауап беруге тырыспады. Оның орнына цифрлық технологияның мүмкіндігін пайдаланып, әлдеқайда оңай жолды таңдаған: жасанды интеллект көмегімен кейіпкерлердің бейнесі мен сөзін қолдан жасап шығарған.
Айтылған пікірді дәйекпен жоққа шығара алмаған жағдайда мұндай әрекетті онымен жанама түрде келіскеннің белгісі деп те қабылдауға болады.
Академиялық еңбектердің мазмұны кейін мектеп оқулықтарына арқау болатынын ескерсек, мұндай басылымдарды әзірлеу бір адамның емес, білікті ғалымдардан құралған тұтас ұжымның жұмысы екені анық. Сапалы дипфейк те солай. Әрине, оны әлдебір наразы адамның жалғыз өзі жасауы мүмкін. Дегенмен мұндай дүниенің артында белгілі бір топ, тіпті елеулі мүмкіндігі бар ұйым тұруы да ықтимал.
Дегенмен мұны жай ғана «еңбек» деп атау жеткіліксіз. Өйткені мұндай әрекет заң тұрғысынан алаяқтық ретінде қарастырылуы мүмкін . Ақмарал Баталова бейнеленген дипфейктің қазірдің өзінде ашылмай тұрғаны да тегін емес. Наталия Асееваға қатысты видеоның да көп ұзамай осындай күйге түсуі ғажап емес.
Мұның өзі де «Купол юрты» арнасындағы сұхбатта айтылған мәселелерге қатысты өзінше бір дәлел болып отырғанына келісетін шығарсыздар.
Ал жалпы алғанда, атақ деген осылай келеді екен!




