ҚазТАГ хабарлайды: «Orda» басылымы (orda.kz) жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. «Құрметті оқырмандар! Orda.kz редакциясы 2026 жылыы 1 қыркүйектен бастап жұмысын толық тоқтатуға мәжбүр екенін өкінішпен хабарлайды. Негізгі ақпараттық ресурс қана емес, редакцияға тиесілі әлеуметтік желілердегі барлық парақша, соның ішінде YouTube арнасы да жабылады», — деп жазды «Орда» бас редакторы Анна Платонова басылымның Telegram арнасында. Хабарламада редакция жұмысын тоқтату туралы шешімді «Ordamedia.kz» ЖШС құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев қабылдағаны айтылған. «Бұл шешімнің астарынан қандай да бір себеп іздеудің қажеті жоқ: редакцияның табысы оның жұмысын қамтамасыз етуге жетпейді. Қазіргі жағдайға алып келген басқа себеп жоқ. Редакция өз міндеттемелерін толық орындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Қазақстандық және шетелдік БАҚ-тағы әріптестерімізден редакцияның ресми мәлімдемелеріне ғана сүйенуді сұраймыз», — делінген мәлімдемеде.
Еуразия24 пікірі:
Бұл оқиғаны «редакцияны ұстауға табыс жетпеді» деген құрғақ түсініктемемен ғана шектеу қиын. Ресми түрде жалғыз себеп ретінде осы жағдай аталып отыр. Басылым өзін-өзі ақтамай қалған соң, иесі жобаны қаржыландыруды тоқтатуды жөн көрген де шығар. Алайда медиа саласында қаржы мен беделді бір-бірінен бөліп қарау қиын.
Соңғы жылдары Orda-ның беделіне елеулі нұқсан келтірген оқиғалар аз болған жоқ. Сондықтан мұның бәрі басылымның қаржылық жағдайына еш әсер етпеді деу қисынсыз. Біздіңше, бұрынғы бас редактор Гүлнара Бажкенованың сегіз жылға сотталуына байланысты қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бір адамның ғана тағдырына әсер еткен жоқ. Соққы басылымның өзіне де тиді. Ал БАҚ үшін оның аты мен беделі — жай ғана атау емес.
Даулы оқиғалардың салдары бірден ұмытыла қоймайды. Басшылар ауысады, сот процестері аяқталады, редакцияға жаңа адамдар келеді. Бірақ беделге келген нұқсанның салдары ұзақ сақталады. Кейде оның зардабын сол оқиғаларға мүлде қатысы болмаған адамдар да тартуға мәжбүр.




