Оннан астам қазақстандықтың соғыс жүріп жатқан аймаққа тап болғаны қазан айының басында белгілі болды. Заңгер Мейрман Шекеев олардың отбасыларына жақындарын елге қайтару мәселесінде көмек көрсетті.
«Бұл қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Көңілді толқу кернеген сәтте не айтарыңды да білмей қалады екенсің… Ең алдымен Алла Тағалаға, одан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігінің әрбір өкіліне (…) алғыс айтамын. Менің өтінішіммен балаларды Мәскеу әуежайында күтіп алып, шығарып салған қарындасым Гүлмира мен інім Қуандыққа да рақмет. Көмектескен барша жанға шын жүректен алғыс білдіремін!
Бұл – жай ғана елге оралу емес. Бұл – ата-ананың көз жасы, отбасының үміті ақталған, Қазақстан азаматтарының туған жеріне оралған сәті. Бүгінде осы балалардың әрқайсысы өз елінде, туған жерінде, ата-анасының қасында», – деп Мейрман Шекеев Instagram парақшасында жазды.
Заңгер бұл жазбасын елге оралған қазақстандықтардың туыстарымен қауышқан сәті бейнеленген бейнежазбамен бірге жариялады.
Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралы соғыс аймағына тап болған қазақстандықтардың барлығы бастапқыда Ресейге күзет агенттіктерінде жоғары жалақыға жұмыс істеу үшін барғаны туралы хабарлаған еді.
Алайда туыстарының айтуынша, Ресейге барған азаматтар орыс тілін жетік білмегендіктен, мазмұнын толық түсінбестен әлдебір құжаттарға қол қойған. Кейін оларға соғысқа аттану немесе әскери қимылдарға қатысудан бас тартқаны үшін түрмеге қамалу жөнінде таңдау қойылған.
Осы жағдайдан кейін заңгер Мейрам Шекеев соғыс аймағына жіберілген 21 қазақстандықтың туыстары атынан Ресей президенті Владимир Путинге өтініш жолдаған.
Алайда заңгер бұл іске араласпай тұрып-ақ Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапына дипломатиялық нота жолдаған болатын. Бұған соғыс аймағында жүрген қазақстандықтардың елге қайтуға көмектесуді сұрап, әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялауы себеп болды.
Кейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтағы қазақстандық азаматтардың өтініштері бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялаған азаматтарға қатысты қажетті шаралар қабылдануда. Оларды елге қайтару жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деп министрлік өкілі хабарлады .
16 қазаннан бастап қазақстандықтарды соғыс аймағынан елге қайтару жұмыстары басталды.
Оқиғаның соңы жақсылықпен аяқталғаны қуантады. Дегенмен Ресей тарапынан өзге мемлекеттің азаматтарын Украинадағы соғысқа жіберу туралы шешімді кім қабылдағаны, оған қандай құжаттар негіз болғаны және олардың елге қайтарылуы қалай жүзеге асырылғаны жөнінде әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.
Бұл – екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қатысты саяси тұрғыдан аса нәзік әрі күрделі мәселе. Сондықтан аталған оқиғаның барлық мән-жайы көпшілікке сол күйі белгісіз болып қалуы да мүмкін.




