Қазақстан полициясының азаматтарды трансұлттық есірткі желісіне тартқан ірі халықаралық арнаны әшкерелеуге бағытталған арнайы операциясы сәтті аяқталды.
«Ауқымды арнайы операция бір жылдан астам уақытқа созылып, бірнеше мемлекеттің аумағын қамтыды. Операция Украина мен Албанияның құқық қорғау органдарымен, Интерпол және АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасымен бірлесіп жүргізілді», — деп Polisia.kz хабарлады .
Ал БАҚ-та осы операцияның бірқатар маңызды дерегі жарияланды.
«Қылмыстық құрылымды 36 жастағы шетел азаматы құрған. Цифрлық айғақтарды талдау барысында Telegram желісінде есірткі сатумен айналысқан 31 дүкен және соларға тартылған жүздеген адам анықталды. Азаматтарға call-орталық операторы, HR-менеджер, курьер, логист, қойма қызметкері немесе химик ретінде жұмыс ұсынылып, кейін олар есірткі бизнесіне тартылған. Қылмыстық ұйым ішінде күш қолдану мен айыппұл салу тәртібі болған. Жұмыстан бас тартқандарды ұрып-соғып, заңсыз қамауда ұстап, бұл ортадан кетуіне мүмкіндік бермеген. Арнайы операцияның шешуші кезеңі Қазақстан мен Украина аумағында бірнеше саты бойынша жүргізілді. Киев пен Киев облысында жүргізілген тінту кезінде полиция адамдарды қылмыстық іске тартумен айналысқан call-орталықтардың жұмысын тоқтатып, қауымдастықтың белсенді 27 мүшесін анықтады», — деді Informburo .
Бұдан бөлек, бірнеше ай бұрын Қазақстанда да украиналық құқық қорғаушылардың қатысуымен 15 нысанда тінту жүргізілгені хабарланды. Соның нәтижесінде синтетикалық есірткі таратумен айналысқан негізгі тұлғалар ұсталған.
Мұндай нәтижелі халықаралық операциялар әлемдік тәжірибеде бұған дейін де болған. Мәселен, 2021 жылы жүргізілген Trojan Shield ұйымдасқан қылмысқа қарсы ең ірі халықаралық операциялардың біріне айналды . Бірнеше елдің тергеушілері жүзден астам мемлекеттегі жүздеген қылмыстық топ пайдаланған шифрланған байланыс жүйесіне қол жеткізді. Нәтижесінде жүздеген адам ұсталып, ондаған тонна есірткі тәркіленді.
2025 жылы сәуірде Еуропол BULUT операциясы аясында бірнеше ірі трансұлттық есірткі желісінің бірден жойылғанын хабарлады . Шифрланған байланыс платформаларынан алынған деректерді бірнеше жыл бойы зерттеу нәтижесінде 230-дан астам күдікті ұсталды.
Алайда қазақстандық полицейлер қатысқан бұл арнайы операцияның басты ерекшелігі басқа. Бұл жолы есірткі жасырып таратушылардың кезекті тобы ғана ұсталған жоқ. Есірткі бизнесіне жаңа адамдарды үздіксіз тартып, қылмыстық желінің қатарын толықтырып отырған тұтас трансұлттық цифрлық жүйенің жұмысы тоқтатылды.




