ДУБАЙ. 2 қыркүйек. ИНТЕРФАКС — АҚШ шабуылдарынан кейін Иран әскері Кувейт, Ирак, Иордания және Бахрейн аумағындағы америкалық әскери нысандарға жаңа соққылар жасады. Бұл туралы Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Telegram арнасында хабарлады.
Иран тарапының мәліметінше, Кувейттегі «Али әл-Салем» авиабазасына дрондар мен зымырандармен соққы жасалып, ондағы штаб пен қолбасшы резиденциясы зақымданған. Сондай-ақ ұшқышсыз аппараттар сақталатын ангар мен олар ұшырылатын орындарда өрт шығып, бірнеше дрон жойылған.
Бұдан бөлек, Ирак Күрдістанының әкімшілік орталығы Эрбиль маңындағы АҚШ күштерінің позицияларына шабуыл жасалды.
ИРСК Кувейт халқына да үндеу жасап, өз әрекетін «Америка армиясының ислам жерлерін басып алуына» қарсы күрес деп түсіндірді. Корпус АҚШ Қарулы күштерінің Кувейттен кеткенін, «АҚШ үстемдігі мен қатыгез сионистік режимнің жойылғанын» қалайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Кувейт Қарулы күштері елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі дрондар мен зымырандардың шабуылына тойтарыс беріп жатқанын хабарлаған. Билік дрон шабуылы кезінде ел астанасы Эль-Кувейттегі тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққанын мәлімдеді. Төтенше жағдайлар қызметі өрттің таралуына жол бермеді, тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ.
Таяу Шығыс уақытымен сәрсенбі күні таңертең АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы 1 қыркүйекте басталған Иранның әскери нысандарына соққы беру операцияларының сериясы «сәтті аяқталғанын» мәлімдеді.
Axios дереккөзінің мәліметіне сүйеніп, осы операция барысында АҚШ әскері Иран үкіметіне тиесілі екі танкерге шабуыл жасағанын хабарлады. Басылым дереккөздерінің айтуынша, сейсенбі күнгі соққылар кезінде Иран аумағындағы 100-ге жуық нысана көзделген. Олардың қатарында ИРСК-ның әуе шабуылына қарсы қорғаныс нысандары, радиолокациялық жүйелер, теңіздегі нысандар, мина қоюға арналған құралдар мен байланыс нысандары болған.




