АСТАНА. 3 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті Тхонглун Сисулит Астанада кеңейтілген құрамда келіссөз өткізіп, саяси, сауда-экономикалық және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы бейсенбі күні Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тоқаев Лаос басшысының Астанаға алғашқы ресми сапары екіжақты байланыстарды нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Біз Қазақстан мен Лаос арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз және оны қарым-қатынасымызды нығайтудың маңызды негізі деп санаймыз. Қазақстандық тауарларды, ең алдымен металлургия, тамақ, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдерін Лаос нарығына жеткізу көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар», — деп келтіреді баспасөз қызметі Тоқаевтың сөзін.
Президент Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі көлік желісіне ие екенін және Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді дамытып жатқанын атап өтті.
«Біз Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның логистикалық хабын іске қостық. Оның мүмкіндігін Лаостың жүк тасымалдаушылары да пайдалана алады. Лаос өнімдерін Орталық Азия мен Еуропа нарықтарына жеткізу үшін Қазақстанның көлік дәліздерін пайдалануға мүмкіндік бар. Қазақстан да Лаос арқылы өз өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына жеткізу көлемін арттыруға мүдделі», — деді ол.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті екі елдің үкіметтеріне көлік және логистика саласында тиісті үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер жасасуды ұсынды.




