АСТАНА. 13 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өткен БРИКС пленарлық отырысында өңірлік қақтығыстардың трансшекаралық инфрақұрылымға төндіріп отырған қаупіне назар аударып, ұйым елдерін шиеленістерді реттеуге атсалысуға шақырды. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Мемлекет басшысы «Тұрақтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен орнықтылықты нығайту» тақырыбындағы «аутрич»/«БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі.
Президенттің айтуынша, әлем халқының жартысына жуығын біріктіріп, жаһандық жалпы ішкі өнімнің 40%-ын қамтитын БРИКС-тің мүмкіндігі де, жауапкершілігі де зор. Алайда халықаралық қауымдастық алдында тұрған түйткілдер шешілмей және жетекші державалар арасындағы сенім қалпына келмей, бұл әлеуетті толық пайдалану қиын.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы жарияланған Жаһандық бейбітшілік индексінде қазіргі кезең «Ұлы бөлшектену» дәуірі ретінде сипатталғанына назар аударды. Бұл кезеңге геосаяси текетірестің күшеюі, қаруланудың артуы, көпжақты институттар ықпалының әлсіреуі және сауда кедергілерінің көбеюі тән. Былтыр зорлық-зомбылық салдарынан әлем экономикасына келген шығын шамамен 22 трлн долларға немесе жаһандық ЖІӨ-нің 10%-ына жеткен.
«Өңірлік қақтығыстардың салдары тек соғыс жүріп жатқан аумақпен шектелмейтінін көріп отырмыз. Оның әлем экономикасына тигізетін зардабы да айтарлықтай. Негізгі теңіз жолдарындағы қатынастың бұзылуы жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбектерінің қаншалықты осал екенін көрсетті», – деді Президент.
Мемлекет басшысы трансшекаралық инфрақұрылымға төнетін қауіптің де артып келе жатқанын айтты.
«Сондықтан бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық – экономиканың орнықты дамуының басты шарттарының бірі. Бірақ мәселе экономикамен ғана шектелмейді. Өңірлердегі шиеленісті уақытша бәсеңдетумен тоқтап қалмай, саяси диалог пен жүйелі дипломатия арқылы ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізуге басымдық беру қажет. Халықаралық қауіпсіздік жүйесінің әлсіреуі мен ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысына, стратегиялық қателіктер мен жаңсақ шешімдерге әкелуі мүмкін. Сондықтан ядролық державалар арасында жоғары деңгейдегі диалог орнату аса маңызды. Бұл жаңа технологияларға байланысты туындайтын ядролық қатерлерді азайту үшін де қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жетекші державалар арасындағы сенімнің азаюы Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімді жұмыс істеу мүмкіндігін шектеп отырғанын атап өтті.
«Соған қарамастан, БҰҰ-ға балама жоқ. Ұйымды реформалау оның қақтығыстардың алдын алу және ортақ шешім қабылдау мүмкіндігін күшейтуге тиіс. БҰҰ Жарғысының талаптары жағдайға қарай емес, барлық кезде бірдей сақталуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемдегі өзгерістер ескеріліп, Азия, Африка және Латын Америкасы елдеріне лайықты өкілдік берілуі қажет.
«Дамушы орта державалардың да жаһандық шешімдер қабылдаудағы үні салмақты болуы керек. Өйткені олар диалогты жалғастыруға және геосаяси қайшылықтарды еңсеруге ықпал ете алады», – деді Президент.
Қазақстан БРИКС-тің серіктес елі ретінде бұл бірлестікті БҰҰ негізгі рөл атқаратын көпжақты жүйені толықтыратын әрі елдер, өңірлер мен нарықтар арасындағы байланысты нығайтатын практикалық ынтымақтастық алаңы деп санайды.
«Біздің ұстанымымыз өзгермейді – қаншалықты күрделі мәселе болса да, ортақ мәмілеге келетін жол іздейміз. Бұл барлық серіктеспен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға негізделген, нақты нәтижеге бағытталған теңгерімді сыртқы саясатымыздың мәнін көрсетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.




