Анкараның 2027–2029 жылдары әскери шығындарын 229%-ға арттыруы геосаяси жағдайға елеулі ықпал етуі мүмкін. Оның алғашқы белгілері Түркия вице-президенті Жевдет Йылмаз қорғаныс пен қауіпсіздік саласына арналған алдағы кезеңнің бағдарламаларын жариялағаннан кейін-ақ байқала бастады. Бұл шешімнің әсері Ресей мен Украинаға, Балқан түбегіне, Израильге, Кавказға, Таяу Шығыс пен Араб түбегіне, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына да тарайды. Түркиямен тығыз байланыстағы да, қайшылықты қатынастағы да елдер Анкараның әскери-саяси белсенділігінің күшеюіне белгілі бір деңгейде жауап қатуға мәжбүр болады.
Әскери теорияда жаппай мобилизация соғысқа дайындықтың белгісі ғана емес, іс жүзінде соғыстың басталуы ретінде қарастырылады. Мәселен, Ресей империясы 1914 жылы 31 шілдеде (ескі күнтізбе бойынша 18 шілдеде) жалпы мобилизация жариялағаннан кейін, 1 тамызда Германия Ресейге соғыс жариялады.
Түркия да соғыс жағдайына өнеркәсіптік және ұйымдастырушылық тұрғыдан алдын ала әзірленуге кіріскен сыңайлы. Анкара әсіресе өз әскери технологияларын, қажетті бөлшектерді және қосылған құны жоғары өнімдерді ел ішінде өндіруге басымдық беріп отыр. Ресейдің С-400 әуе қорғанысы жүйелері мен америкалық F-35 ұшақтарына қатысты тәжірибе Түркияның соғыс жүргізуге қажетті аса маңызды құралдар бойынша сыртқы жеткізілімге әлі де едәуір тәуелді екенін көрсетті. Геосаяси тұрақсыздық күшейген жағдайда мұндай тәуелділік мемлекет үшін елеулі әлсіздік саналады.
2025 жылдың қорытындысында түрік лирасы шамамен 33% құнсызданды. Биыл елдің қаржы органдары ұлттық валютаның тағы 29%-ға әлсіреуін күтіп отыр. Әскери шығындар лирамен есептелетінін ескерсек, 229%-дық өсім алғашқы қарағанда шектен тыс жоғары көрінбеуі мүмкін. Соған қарамастан, бұл — өте үлкен өсім. Ең маңыздысы, Анкараның қорғаныс саясаты қай бағытқа бет алғаны айқындала түсті.
Қару-жарақ сатып алуға 2026 жылы 362 млрд лира бөлінсе, келесі жылы бұл шығынды 936 млрд лираға дейін жеткізу жоспарланған. Негізгі басымдық жойғыш ұшақтарға, әуе қорғанысы жүйелеріне, ұшқышсыз аппараттарға және броньды техникаға беріліп отыр. Мұның бәрі шетелдік бөлшектерге тәуелділікті азайту саясатымен қатар жүргізіледі.
Ендігі сұрақ — Түркия ықтимал әскери қақтығысты кіммен байланыстырып отыр? Ресей мен Украина арасындағы соғыстың ауқымы кеңейіп келе жатқан тұста көптеген сарапшы НАТО-ның Еуропадағы мүшелері мен Мәскеу арасындағы тікелей әскери текетірес қаупі артып бара жатқанын айтады. Ал Анкара Солтүстік Атлантика альянсындағы мүшелігіне айрықша мән береді.
Соғыс тарихында ірі қақтығысқа кешірек араласқан мемлекеттердің одан көбірек саяси және экономикалық пайда көрген мысалдары бар. Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстардағы АҚШ-тың ұстанымы, сондай-ақ КСРО-ның 1945 жылы тамызда Жапонияға қарсы соғысқа қосылуы — соның айқын көрінісі. Тарихқа тереңірек үңілсек, Ресей империясының Наполеон соғыстарына кейінірек араласуы да 1814–1815 жылдардағы Вена конгресінің қорытындысында Санкт-Петербургтің ықпалын күшейтуге мүмкіндік берді. Түркияның өңірдегі саяси және әскери салмағын ескерсек, Ресей мен НАТО арасында ауқымды соғыс басталған жағдайда Анкараның бұл үдерістен тыс қалуы екіталай.
Алайда НАТО-ның өз ішінде де қайшылықтар аз емес. Түркия мен Грекияның қарым-қатынасы бұрыннан күрделі. Соңғы уақытта оған Израильмен арадағы шиеленіс те қосылды. Тель-Авив Осман империясында 1915–1916 жылдары армяндарға қарсы жасалған қырғынды ресми түрде геноцид деп таныды. Сонымен қатар Грекия, Израиль және Кипр арасындағы әскери ынтымақтастық жедел күшейіп, Түркияға қарсы бағытталған одақ сипатында қалыптасып келеді. Бұл бірлестікті Еуропа мен әлемдегі ірі әскери державалардың бірі саналатын Франция да ашық қолдап отыр.
Қазақстан тағы да күрделі геосаяси жағдайда қалып отыр. Бір жағынан, еліміз ҰҚШҰ-ға мүше, екінші жағынан Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайды. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының да белсенді мүшесі. Ал бұл ұйымның кейбір стратегиялық ұстанымдары Ресейдің ұлттық мүдделерімен қайшы келуі мүмкін. Сонымен бірге Ақорда Дональд Трамп әкімшілігінің қадамдарын да жіті бақылауға мәжбүр. Өйткені бастапқы не қайталама санкцияларға ілігу немесе сауда тарифтерінің күрт өсуі секілді тәуекел әрдайым бар.
Бір-біріне қарама-қайшы ұстанымдардың ресми құжаттар мен мәлімдемелер деңгейінде қалуы — бір мәселе. Ал олардың артында тұрған күштердің іс жүзінде бетпе-бет келуі мүлде басқа жағдай. Қару-жарақ жарысының өзі де бюджетке қосымша салмақ түсіреді. Әскерді бір рет жаңартып, сол күйі қалдыру мүмкін емес. Әскери технология мен соғыс жүргізу тәсілдері үнемі өзгеріп отырады, ал соған ілесу үшін жаңа қаржы мен ресурс қажет. Оның үстіне мұндай ресурстар әрдайым шектеулі.




