Алиса мен Сара

|

|

Бұл жолы «Ушыққан мәселе» айдарын Қазақстандағы емес, алыстағы Германиядағы жағдайға арнаймыз. Өйткені ондағы ахуалдың салқыны бізге де жетіп отыр. Әңгіме тек әлемдік ақпарат кеңістігіндегі геосаяси өзгерістер туралы емес, оның Еуразияға тікелей әсері жөнінде. Бұл өзгерістердің нақты салдары келесі жылдың көктемі мен жазы аралығында анық сезілуі мүмкін.

Украинадағы соғыс тек Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс шеңберінен әлдеқашан шығып кетті. Ол Ресей мен Еуроодақ және НАТО арасындағы кеңірек текетірестің бір бөлігіне айналды. АҚШ бұл жүйеде бұрынғыдай шешуші рөл атқарады, алайда қазір әскери қолдаудың шығынын Еуропаға көбірек жүктеуге тырысып отыр. Германияның маңызы да осыдан туындайды.

Соғыс бір күні бәрібір аяқталады. Бірақ оның қашан тоқтайтыны майдандағы жағдайға ғана байланысты емес. Тараптардың бірінде қазіргі саяси және экономикалық жүйені бұрынғы қалпында ұстап тұру қиындай бастағанда, жағдай өзгереді. Сонда билікке қарсы тараппен уақытша бітім емес, ұзақ мерзімді бейбіт келісім жасауға дайын күштер келуі мүмкін.

Президент Дональд Трамптың Иранмен текетіресте көздеген нәтижесіне жете алмай, Украинадағы соғысты да қысқа мерзімде тоқтата алмағаны оның саяси беделіне әсер етіп отыр. Алайда келесі әкімшілік билікке келсе, оның бейбіт келісімге жақынырақ болады деуге әлі ерте. Ал Германиядағы «соғыс партиясының» әлсіреуі, керісінше, болашақ келісімге жол ашуы мүмкін.

Әзірге канцлер Фридрих Мерцтің партиясы Саксония-Анхальт жеріндегі сайлауда ғана ауыр жеңіліске ұшырады. Бірақ федеративті мемлекет үшін мұндай нәтиженің саяси салмағы аз емес. Оның үстіне 20 қыркүйекте Берлинде және кезінде ГДР құрамында болған Мекленбург – Алдыңғы Померанияда сайлау өтеді. Бұл өңірде де «Германия үшін балама» партиясының ықпалы жоғары.

Айта кетейік, «Солтүстік ағын» газ құбырлары Германияға дәл осы Мекленбург – Алдыңғы Померания арқылы жетеді. Ал «Германия үшін балама» партиясының негізгі сайлауалды бастамаларының бірі – Ресейден энергия ресурстарын жеткізуді қайта қалпына келтіру.

«Германия үшін балама» партиясына үкіметті дербес жасақтауға небәрі үш мандат жетпейді. Бұл межеге жетудің бір жолы – Мерц партиясынан бірнеше депутаттың олардың қатарына қосылуы. Бірақ бұдан да назар аударарлық саяси мүмкіндік бар. Германияның ішкі саясатына келгенде оңшыл ГҮБ пен Сара Вагенкнехттің солшыл партиясының ұстанымдары көп жағдайда қабыса бермейді. Тек көші-қон мәселесінде белгілі бір ортақ көзқарас байқалады. Ал сыртқы саясатта олардың пікірі әлдеқайда жақын: екі тарап та Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымын өзгерту және Ресеймен байланысты қалпына келтіру қажет деп санайды.

Сондықтан саяси салмағы жоғары екі әйел — Алиса Вайдель мен Сара Вагенкнехттің белгілі бір мәселелер бойынша ортақ тіл табысуы әбден мүмкін.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Еуропаның қор индекстері төмендеп жатыр

АҚШ-тың Ирандағы Кешм аралына шабуыл жасағаны туралы хабарлардан кейін мұнай бағасы көтеріліп, сейсенбі күні Батыс Еуропаның ірі елдеріндегі акциялар нарығы төмендеді.

Еурокомиссия басшысы экологиялық таза экономикаға көшуді Еуропа тәуелсіздігінің кепілі деп санайды

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың экологиялық таза экономикаға көшу бағытынан айнымайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл – Еуропа тәуелсіздігінің кепілі.

Финляндиядан кейін Норвегия да Ресей хоккейшілерімен ойнаудан бас тартты

Норвегия хоккей қауымдастығы ұлттық құрамасының 2027 жылғы мамырда Германияда өтетін әлем чемпионатында Ресей құрамасымен ойнамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы сейсенбі күні еуропалық БАҚ хабарлады.

«Қазатомөнеркәсіп» басшысы Тоқаевқа компанияның жұмыс нәтижелері мен жоспарлары туралы баяндады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың компанияның ағымдағы қызметі мен стратегиялық басымдықтарының іске асырылуы жөніндегі есебін тыңдады.