Евразия24Басты бетҚазақстан дата-орталықтар жарысына қосылды

Қазақстан дата-орталықтар жарысына қосылды

|

|

 Дата-орталықтар — электр энергиясы мен суды тұтыну көлемі тұтас бір қаламен салыстыруға келетін ірі өнеркәсіптік нысандар. Қазақстанда электр энергиясы да, су да тапшы. Соған қарамастан, еліміз Екібастұз маңында «дата-орталықтар алқабын» салуға кірісті. Өйткені бүгінгі әлемнің талабы басқа: жасанды интеллектінің лайықты инфрақұрылымы болмаса, мемлекеттің саяси элитасы әлемдік деңгейде шешім қабылдайтын алпауыттармен терезесі тең бола алмайды.

Жасанды интеллектке арналған деректерді өңдеу орталығын көз алдымызға алып серверлік кешен ретінде елестетуге болады. Алайда мұндай орталықтардың ауқымы орасан: олардың аумағы 500 мың шаршы метрден басталып, бірнеше ондаған миллион шаршы метрге дейін жетеді.

Мұндай орталықтарда арнайы жасалған ондаған мың процессор бір-біріне тығыз орналасқан серверлік сөрелерге орнатылады. Әр сөренің өзі орташа бір үйден де көп электр энергиясын тұтынады. Ірі дата-орталыққа 100 МВт-тан 1000 МВт-қа дейін, кейде одан да көп қуат қажет. Ал жабдықтарды салқындатуға тәулігіне миллиондаған литр су жұмсалуы мүмкін. Мұнша судың тұрақты көзін де табу керек. Соған қарамастан, мұндай орталықтарда жұмыс істейтін адам саны көбіне жүзге де жетпейді.

Өйткені бұл — адам еңбегіне емес, есептеу жұмыстарына арналған орын. Мұндағы ғимараттар жасанды интеллект модельдерін коммерциялық мақсатта оқытып, іске қосуға арналған, яғни бұлтты серверлер орналасатын инфрақұрылым. Алайда мұның өзі құрылыстың неліктен осыншалықты жылдам әрі ауқымды жүргізіліп жатқанын толық түсіндіре алмайды. Әсіресе бұл жобаларға орасан қаржының қалайша тез табылғаны көп сұрақ туғызады.

Дата-орталықтар бақылау жүйелері, цифрлық сәйкестендіру және адамдардың іс-әрекеті туралы деректерді жинау үшін қажетті негізгі инфрақұрылым саналады. Олардың есептеу қуатынсыз орталық банктердің цифрлық валюталары, «ақылды қала» бағдарламалары мен пайдаланушылардың цифрлық іздерін жинайтын жүйелер де жұмыс істей алмайды.

Яғни атқаратын қызметі әртүрлі болғанымен, көптеген цифрлық жүйенің жұмысы түптеп келгенде дата-орталықтарға келіп тіреледі. Себебі олардың есептеу қуаты болмаса, «цифрлық әлемнің» негізгі тетіктері тоқтайды.

Осы тұрғыдан алғанда, Иранның Парсы шығанағындағы монархияларда орналасқан дата-орталықтарға неліктен шабуыл жасағаны түсінікті бола түседі. Ресми түрде бұл орталықтар банк жүйесінің қажетіне қызмет еткен. Алайда сонымен қатар Пентагонға қажетті нысандардың координаттарын анықтауға атсалысып, іс жүзінде әскери міндеттерді де атқарған.

Жаңа, бәлкім, тосын әлемге жол ашатын «билеттің» құны арзан емес. Электр энергиясы мен су тапшылығын сезініп отырған Қазақстан үшін оның салмағы тіпті ауыр. Алайда жасанды интеллектінің ең болмаса базалық инфрақұрылымын қалыптастырып, жаһандық үдеріске қосылмаса, болашақтың бағыты айқындалатын ортадан тыс қалу қаупі бар.

Екібастұз маңынан дата-орталықтарға 200 гектар жер бөліп, кейін аумағын 1300 гектарға дейін кеңейту — ең алдымен саяси шешім. Енді көмір кеніштерінің әлеуеті жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жұмылдырылмақ. Бірақ мұндай бір саяси шешім екіншісін талап етеді. Өйткені әлем іс жүзінде АҚШ пен Қытай төңірегіне топтасқан екі бағытқа бөлініп барады.

Көпвекторлы саясатынан айнымаған Астана АҚШ бастамашы болған Pax Silica («Кремний әлемі») жобасына да, Қытайдың WAICO — Жасанды интеллект саласындағы дүниежүзілік ынтымақтастық ұйымына да қатысып отыр. 2026 жылғы тамызда АҚШ Мемлекеттік департаменті серіктестерін ынтымақтастық бағытын «саналы түрде таңдауға» шақыратын хат жобасын әзірледі. Құжатта Вашингтон мен Бейжің бастамаларына қатар қатысуға болмайтыны ашық жазылған. Қытай жасанды интеллект саласын саясаттандыруға қарсы. Алайда жағдайды ушықтыру үшін бір тараптың әрекеті де жеткілікті.

Демек, «болашаққа жолдама» алу үшін энергетикалық, су және қаржы ресурстарын жұмсау ғана жеткіліксіз. Ел жасанды интеллект жүйелерін қай тараптың технологиясына сүйеніп дамытатынын да таңдауға тиіс. Ал бұл — бір-бірімен бәсекелес екі лагерьдің біріне басымдық беру деген сөз.

Мұнай өңдеу зауыттары мен танкерлерге қатысты жағдай енді дата-орталықтарда да қайталанып отыр. Мұнай инфрақұрылымының бұл нысандары бұрынғы «бейтарап» мәртебесінен айырылды. Сондықтан олардың қызметі қарсы тараптың мүддесіне қайшы келсе, кез келген уақытта дрон немесе зымыран соққысының нысанасына айналуы мүмкін. Дата-орталықтар да енді «өзіміздікі» және «қарсы тараптікі» деген ұстаныммен жіктеле бастады.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Песков Ресейдің ТМҰ-ға қатысуы туралы пікір білдірді

Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуы қисынды әрі орынды болар еді. Бұл туралы РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәскеуге әзірге ресми шақыру түспеген.«Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуына келсек, өздеріңіз білетіндей, Ресейдің бірқатар өңірінде тарихи шығу тегі жағынан түркі халықтары тұрады», – деді Песков.

Өзгенің баласын өз атына жаздырған ер адам енді одан бас тарту үшін Конституциялық сотқа жүгінді

Астанадағы Конституциялық сотта судья-баяндамашы Айжан Жатқанбаеваның төрағалығымен баланың анасымен ажырасқаннан кейін өзінің әкелігін даулап отырған ер адамның өтініші қаралып жатыр. Ол баланың биологиялық әкесі емес.

Еңбек министрлігі: сынақ мерзімі жалақы төлемеуге негіз емес

Жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдағанда оның кәсіби дағдыларын және тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Алайда сынақ мерзімі азаматтардың еңбек құқықтарын шектемейді.

Британдық сарапшылар қазақстандық ЖИ жобаларының келешегін бағалады

Қазақстан өнеркәсіпке арналған жасанды интеллект әзірлеуге қатыса алады – британдық басылым. Жасанды интеллект Қазақстанның ақпараттық технологиялар саласын ғана емес, экономиканың негізгі салаларын да өзгерте алады.