Бүгін, 1 қазаннан бастап «KEGOC» ұлттық электр желісі компаниясы бір жылдың ішінде екінші рет электр энергиясын жеткізу тарифін көтереді. Тарифтер алдағы бес жылға бірден бекітілген. Осы кезеңде электр энергиясын жеткізу құны жалпы 66%-ға өседі. Бұдан бөлек, KEGOC электр желісін пайдаланғаны үшін де ақы алады. Бұл тариф бес жыл ішінде 53%-ға, ал диспетчерлік қызмет ақысы 40%-ға қымбаттайды.
Бір қызығы, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті KEGOC үшін бекіткен тарифтің өсімі сол министрлік болжап отырған инфляция дәлізінен едәуір жоғары. Ал Үкімет бірнеше жылдан бері баға өсімін осы дәліз шегінде ұстап тұруға тырысып келеді.
Бұған дейін электрмен жабдықтау тарифтері, әдетте, инфляциядан кейін ғана, оның деңгейінен аспай және жылына бір реттен жиі емес көтерілетін. Енді жағдай өзгерді: тарифтердің өзі нарықтағы жалпы баға өсімін жеделдететін факторға айналып отыр.
Бұл, сірә, бұрынғы тәртіптің түбегейлі өзгергенін білдіреді.
Ал 8 қазанда KEGOC акционерлерінің жиналысы өтеді. Оның күн тәртібі де белгілі: бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 22,4 млрд теңге дивиденд төлеу. Бұған таңғалудың қажеті жоқ: қаңтар-маусым аралығында KEGOC-тың таза пайдасы 54,6 млрд теңгені құрады.
Жалпы, акционерлер үшін жағдай жаман емес. Мәселен, былтыр компания 70,8 млрд теңге таза пайда тауып, екі рет 22,3 млрд теңгеден дивиденд төлеген.
ҚҚС-ты қоса есептегенде жаңа тариф бір кВт·сағ үшін 10,9 теңгеге жетеді. Соның есебінен KEGOC нарықтан шамамен 1,3 трлн теңге жинай алады. Яғни тарифтердің тұрақты өсуі компанияға кепілді әрі жылдан-жылға ұлғайып отырған қаржы ағынын қамтамасыз етіп отыр. Мұндай жағдайда KEGOC-ты қаржыдан қысылып отырған компания деу қиын.
Бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырып көрейік. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап электр желісін пайдалану тарифі бір кВт·сағ үшін 2,45 теңге болып бекітілген. Қалған екі тариф тиісінше 0,26 және 0,09 теңге еді. Сонда жалпы тариф бір кВт·сағ үшін 2,8 теңгені құраған.
Небәрі бес жылдың ішінде тариф үш теңгеге де жетпейтін деңгейден 11 теңгеге жуықтады. Қазақстанда табысы осыншалықты жоғары әрі қарқыны осыншалықты жылдам өсіп жатқан басқа акционерлік қоғамды қайдан табарсыз!
Бірақ бір мәселе бар. Электр энергиясын Қазақстанның 20 миллионнан астам тұрғыны да, бүкіл экономика да пайдаланады. Ал акционерлер саны шектеулі: акциялардың негізгі 85%-ы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі, қалған 15%-ын БЖЗҚ мен бірқатар жеке тұлға иеленеді. Дивидендтің артық етпесі анық. Бірақ оның ақыры бүкіл халықтың қалтасынан төленіп, бағаның одан әрі өсуіне әсер етсе, мұны Әділетті Қазақстан қағидаттарымен үйлестіру қиын.
Тағы бір мәселе бар. KEGOC – табиғи монополия. Оның тарифтері нақты мақсаттар мен негізделген шығындар ескеріле отырып бекітіледі. Мұндай жүйеде акционерлер кейін бөліске салатын артық қаражаттың қалыптасуы әуел бастан қарастырылмауға тиіс. Әрине, егер мұның бәрі әдейі жасалып отырмаса.
Сондықтан тарифтерді реттеуші орган ретінде Ұлттық экономика министрлігі үшін мұнда анықтайтын мәселе аз емес. Оның нәтижесі туралы қоғамға да ашық ақпарат берілуі керек. Ал «Еуразия24» бұл мәселенің назардан тыс қалмауына өз үлесін қосады.




