Дубай/Вашингтон. 3 қазан. ИНТЕРФАКС – Осы аптаның басында Дубайдан Тель-Авивке ұшқан рейс кезінде ұшақты басып алуға әрекет жасаған Flydubai әуе компаниясының екінші ұшқышы әуе кемесінің командиріне апаттық балтамен шабуыл жасаған. Бұл туралы сенбі күні Біріккен Араб Әмірліктерінің Бас прокуроры Хамад Саифа Аль Шамси мәлімдеді, деп хабарлайды мемлекеттік WAM агенттігі.
Оның айтуынша, сәрсенбі күні болған Flydubai компаниясының 1073-рейсін басып алуға әрекет жасау фактісі бойынша жүргізілген тергеу барысында екінші ұшқыштың – Оман азаматының – әуе кемесінің кабинасында тұрған апаттық балтамен экипаж командиріне, Үндістан азаматына, шабуыл жасағаны анықталған. Ережеге сәйкес, ұшқыштар кабинасында төтенше жағдайларда пайдалануға арналған апаттық балталар болуы тиіс. Мысалы, оларды эвакуация кезінде терезені сындыру немесе өрт ошағына қол жеткізу үшін панельді ашу мақсатында қолдануға болады.
БАӘ Бас прокуроры қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын, шабуыл жасаған адамның себептері мен ықтимал байланыстарын анықтауға, сондай-ақ заттай дәлелдер мен цифрлық деректерді зерделеуге бағытталған тергеу жалғасып жатқанын атап өтті.
Бұған дейін ABC News телеарнасы хабарлағандай, израильдік жолаушыларды тасымалдаған әуе кемесінің командиріне шабуыл жасаған адам тергеушілерге ұшақты Израиль аумағында апатқа ұшыратуды жоспарлағанын мойындаған.
«Күдікті оқиғаны тергеп жатқан билік органдарымен ынтымақтастық танытып отыр және ұшақты Израильде апатқа ұшыратуды көздегенін мәлімдеген», – деп хабарлады телеарна тергеу барысынан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап.
ABC News мәліметінше, Оман азаматы болып табылатын ұшқыштың жеке басы анықталған. Телеарна дереккөздерінің хабарлауынша, оның есімі – 29 жастағы Хамам аль-Хаммами.
ABC News-пен сөйлескен ресми тұлғалардың айтуынша, аль-Хаммами 2024 жылы Oman Air компаниясында екінші ұшқыштың тағылымдамадан өтушісі болып жұмыс істеген кезінде экстремистік сипаттағы материалдарды сақтағаны анықталған. Соған қарамастан оған әуе компаниясындағы жұмысын әкімшілік қызметте жалғастыруға рұқсат берілген.
Тергеушілер күдіктінің кейіннен Flydubai компаниясында ұшуға рұқсатты қалай алғанын және Израильге бағыт алған ұшақтың кабинасына екінші ұшқыш ретінде қалай отырғанын әлі де анықтауға тырысуда.
Аль-Хаммами бейсенбі күні оқиғадан кейін ұшақ алғаш қонған Сауд Арабиясынан БАӘ-ге жеткізілді. Онда оның терроризмге қатысы бар деген күдік бойынша тергеу басталды. Израильдің ресми өкілдері де күдіктіні тергеуге қатысу үшін БАӘ-ге келді.
Сәрсенбі күні күндіз Дубайдан Израильге ұшып бара жатқан ұшақ Иорданияның әуе кеңістігінде төтенше жағдай туралы, оның ішінде ұшақты басып алуға әрекет жасалуы мүмкін екені туралы белгі берген. Кейін ұшқыштардың бірінің ұшақты басқаруды қолға алуға әрекеттенген кезде әріптесін пышақпен жаралағаны белгілі болды. Ақырында шабуыл жасаған адамды ұшқыш пен жолаушылар бірге залалсыздандырған. Содан кейін әуе кемесі Сауд Арабиясына қонды.




