Евразия24ЖаңалықтарПентагон: АҚШ Иранмен қақтығысты ұзаққа созуды көздемейді

Пентагон: АҚШ Иранмен қақтығысты ұзаққа созуды көздемейді

|

|

Вашингтон. 4 қазан. ИНТЕРФАКС – АҚШ Иранмен қақтығысты негізсіз созуға ниетті емес. Бұл туралы АҚШ соғыс министрі Пит Хегсет Колорадо-Спрингс қаласының әуежайында журналистерге мәлімдеді.

Иранға қарсы әскери науқанды жыл соңына дейін аяқтау мүмкіндігі туралы сұраққа ол «шешімді Жоғарғы бас қолбасшы қабылдайтынын» айтты. Хегсеттің сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамп операциялардың орынсыз созылуына жол бермейді. Әкімшілік алдына қойылған міндетті жақсы түсінеді және оны орындауға қажетті мүмкіндіктерге ие.

«Ол бұл операцияны қажетсіз жалғастыра бермейді. Алдымызда қандай міндет тұрғанын жақсы түсінеді. Бізге тапсырма берілген кезде оны толық орындаймыз», – деді Пентагон басшысы.

Қақтығысты түпкілікті әскери жолмен шешу мүмкіндігі туралы сұраққа Хегсет жағдайды реттеудің түрлі жолы бар екенін айтты.

«Президент Иранға мәселені келіссөз үстелінде шешу үшін барлық мүмкіндікті берді», – деді ол.

Сонымен қатар Хегсет АҚШ-тың әскери соққылары мен жалғасып жатқан қоршау Вашингтонның ұстанымын күшейтіп отырғанын атап өтті.

«Иран дұрыс таңдау жасауы керек. Олай болмаған жағдайда АҚШ президентінің қолында әрекет етудің барлық қажетті нұсқасы бар», – деді ол.

Хегсеттің айтуынша, операцияның басты мақсаты – Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу.

«Біз әуел бастан айтып келеміз: Иранда ешқашан ядролық бомба болмайды. Бұл – түпкілікті ұстаным. Бұл Америка Құрама Штаттарының өмірлік маңызы бар ұлттық мүддесі», – деді министр.

Вашингтонда Иранның зымыран әлеуетін қалпына келтіруге әрекет жасап жатқаны туралы дәлел бар ма деген сұраққа Хегсет АҚШ-тың жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап отырғанын айтты. Ол Тегеранның әскери инфрақұрылымын қалпына келтіруге ұмтылатынын мойындады.

«Біз мұны көріп отырмыз және түсінеміз», – деді Пентагон басшысы.

Алайда оның айтуынша, Иранның қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен экономикасына келтірілген залалдың ауқымы, сондай-ақ оларды қалпына келтірудегі қиындықтар Тегеранның әскери мүмкіндіктерін алдағы уақытта да шектей береді.

АҚШ соғыс министрі Вашингтонның Ормуз бұғазын бақылауда ұстап отырғанын айтып, америкалық қоршауды Иранға қысым жасау науқанының негізгі тетіктерінің бірі деп атады.

«Иран Ормуз бұғазы төңірегінде түрлі әрекетке барғысы келеді. Бірақ бұғазды олар емес, біз бақылап отырмыз», – деді Хегсет.

«Біздің қоршауымыз мінсіз жұмыс істеп тұр: әр түні бұғаз арқылы соғысқа дейінгі көрсеткіштерге жуық көлемде кемелердің өтуін қамтамасыз етіп отырмыз», – деді ол теңіз тасымалының қарқынына тоқталып.

Хегсет Иранның әскери-теңіз және әуе күштерінің әлеуетіне айтарлықтай соққы берілгендіктен, елдің стратегиялық маңызы бар бұғаздағы АҚШ үстемдігіне тиімді түрде қарсы тұру мүмкіндігі қалмағанын мәлімдеді.

«Толыққанды әскери-теңіз флоты болмаған жағдайда Ормуз бұғазын бақылау өте қиын. Оларда жылдам жүретін катерлер де, әскери-әуе күштері де жоқ. Бұған қоса, біз олардың Ормуз бұғазындағы жағдайды бақылау және қадағалау мүмкіндіктеріне орасан зор нұқсан келтірдік. Бұғазды біз бақылап отырмыз. Дәстүрлі әскери қимылдарда да, асимметриялық әрекеттер тұрғысынан да бұл аймақта басымдық бізде», – деді ол.

Хегсет Вашингтонның қоршауды қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт сақтай алатынын және жедел жағдайға қарай оны жүзеге асыру тәртібін өзгертуге мүмкіндігі бар екенін айтты.

«Қоршауды неғұрлым ұзақ сақтасақ – ал біз оны қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт жалғастыра аламыз, бұған сеніңіздер, әрі қажет болған жағдайда тәсілімізді өзгерте аламыз – Тегеранға түсетін қысым соғұрлым күшейіп, онсыз да шектеулі әрекет ету мүмкіндіктерін одан әрі тарылтады», – деді Пентагон басшысы.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Польша FA-50 жойғыш ұшақтарын шығыс шекарасына орналастырды

Сеул жеткізген FA-50 Golden Eagle жойғыш ұшақтары Польшаның шығыс шекарасын күзетуге тартылды. Бұл туралы Польша премьер-министрінің орынбасары, Қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш мәлімдеді.

Эфиопия үкіметінің күштері Тыграй өңірінің әкімшілік орталығындағы әуежайға бақылауды қайтарды

Эфиопияның үкіметті қолдайтын күштері Тыграй өңірінің әкімшілік орталығы Мэкэле қаласының маңындағы негізгі әуежайға бақылауды қалпына келтіргенін мәлімдеді.

Flydubai ұшағын басып алуға әрекет жасау кезінде әуе компаниясының ұшқышы командирге апаттық балтамен шабуыл жасаған – БАӘ прокуроры

Осы аптаның басында Дубайдан Тель-Авивке ұшқан рейс кезінде ұшақты басып алуға әрекет жасаған Flydubai әуе компаниясының екінші ұшқышы әуе кемесінің командиріне апаттық балтамен шабуыл жасаған.

Тоқаев Корея Республикасының Президентін Ұлттық күнмен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Ұлттық күніне орай Президент Ли Чжэ Мёнға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.