Ташкент. 7 қазан. ИНТЕРФАКС – Оңтүстік Кореяның мемлекеттік Korea Development Bank (KDB) банкі шетелдегі активтерін қайта қарау аясында Өзбекстандағы еншілес банкі – UzDaewoo Bank-ті сату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы оңтүстіккореялық Pulse ақпараттық порталы қаржы саласындағы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
«Алғашқы ықтимал сатып алушылардың қатарында кореялық банктер болуы мүмкін», – деп келтіреді Pulse дереккөз сөзін.
Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Инвестициялық банк саласындағы дереккөздің айтуынша, KDB Өзбекстандағы бизнеске қызығушылықты анықтау үшін Оңтүстік Кореяның Shinhan Bank және Hana Bank коммерциялық банктерімен алдын ала кеңес өткізген.
«Банк ішінде сатуға қарсылық білдіріп отырғандар да бар. Сондықтан түпкілікті қандай шешім қабылданатыны әзірге белгісіз», – деді дереккөз.
KDB Оңтүстік Корея үкіметі мемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруға ұмтылып отырған тұста шетелдегі желісін қайта құруды қарастырып жатыр. Бұл үдеріс жекелеген активтерді жабуды немесе сатуды да қамтуы мүмкін.
Қаржы саласындағы дереккөздердің мәліметінше, KDB қазір 25 елдегі қызметін қайта қарап жатыр. Оның құрамына жеті жергілікті еншілес компания, 12 филиал және алты өкілдік кіреді.
Қайта қарау ең алдымен өсу мүмкіндігі шектеулі бөлімшелерге, сондай-ақ бірнеше жыл бойы толыққанды филиал мәртебесіне өте алмаған өкілдіктерге қатысты. Банк бір-біріне жақын орналасқан кеңселерді біріктіру мүмкіндігін де қарастырып отыр. Бұл шетелдегі жалпы желіні қысқартуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Сонымен қатар 2013 жылы ашылған Мәскеу мен Абу-Дабидегі KDB өкілдіктерін филиалға айналдыру мүмкіндігі қарастырылып жатқаны айтылған.
Банк әлеуеті жоғары нарықтардағы қызметін, керісінше, кеңейтуді жоспарлап отыр. Мәселен, Сиднейдегі өкілдік филиалға айналмақ. Бұған Австралияда инфрақұрылым мен табиғи ресурстарды игеруге салынатын инвестициялардың артуы және соның нәтижесінде жобалық қаржыландыруға сұраныстың өсуі себеп.
KDB сондай-ақ оңтүстіккореялық коммерциялық банктер белсенді түрде кеңейіп жатқан нарықтардағы активтерін сатуды да қарастырып отыр. Өзбекстан – сондай нарықтардың бірі.
Korea Development Bank 1954 жылы құрылған. Оңтүстік Кореяда банктің 60 филиалы бар.




