Астана. 7 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Құрылтайы сәрсенбі күнгі отырыста екі оқылымда қарап, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, хаттама екі елдің құзырлы органдары арасында мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің индикативтік баланстарын жыл сайын келісу және ақпарат алмасу тетігін сақтайды. Сондай-ақ Ресейден мұнай өнімдерін баж салығынсыз импорттау мүмкіндігі де жалғасады.
Хаттама 2024 жылғы 27 қарашада Астанада қол қойылған. Оның негізгі мақсаты – 2024 жылғы 1 қаңтарда мерзімі аяқталған келісімнің күшін қайта қалпына келтіріп, екіжақты ынтымақтастықтың жекелеген ережелерін жаңарту.
«Бұл келісім Қазақстан үшін энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мұнай өнімдерінің ішкі нарығын тұрақты ұстап тұру тұрғысынан маңызды. Ол екі мемлекеттің құзырлы органдарының іс-қимылын үйлестіруге халықаралық-құқықтық негіз қалыптастырады, мұнай өнімдерінің балансын дер кезінде жасауға және жекелеген өнім түрлері тапшы болуы мүмкін жағдайда қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, хаттама ратификацияланбаса, Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізуді үкіметаралық деңгейде үйлестіруге арналған халықаралық-құқықтық тетік өз күшін тоқтатады. Бұл жеткізілімдердің тұрақтылығына кері әсер етіп, ішкі нарықта жекелеген мұнай өнімдері тапшы болған жағдайда жедел әрекет ету мүмкіндігін шектеуі мүмкін.
Құрылтайдың заңға берген қорытындысында баж салығынсыз жеткізу тәртібін сақтау Қазақстанның ішкі нарығын кейбір мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін маңызды екені көрсетілген. 2026 жылы осының арқасында шамамен 30 млрд теңге үнемделеді деп күтілуде. Оның 5,59 млрд теңгесі бензинге, 15,75 млрд теңгесі дизель отынына, 8,61 млрд теңгесі авиаотынға тиесілі.
7 қазандағы ресми бағам – 1 АҚШ доллары үшін 453,65 теңге.




