Астана. 7 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның сауда жөніндегі мемлекеттік министрі лорд Анас Сарварды қабылдап, экономика мен білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. 2025 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 83%-ға өсіп, 1,6 млрд доллардан асты. Қазір Қазақстанда британдық капиталдың қатысуымен 500-ден астам компания жұмыс істейді.
«Сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін жаңа жобалар мен инвестициялар ғана емес, халықаралық ортада еркін жұмыс істей алатын білікті мамандар да қажет. Сондықтан Қазақстан жастарын әлемге ашық болуға, ой-өрісін кеңейтуге және барынша көп тіл үйренуге шақырамын. Соның ішінде бүгінде халықаралық қарым-қатынастың негізгі тіліне айналған ағылшын тілін меңгеруге ерекше мән берген жөн», – деді Президент.
Мемлекет басшысы премьер-министр Энди Бёрнэмге жылы лебізін жеткізіп, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Лорд Сарвар Қазақстанмен стратегиялық әріптестіктің жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, британдық бизнес жобаларына көрсетіліп отырған қолдау мен елдегі қолайлы инвестициялық жағдай үшін Президентке алғыс айтты.
Кездесуде гуманитарлық байланыстарды нығайту, академиялық алмасуды кеңейту және бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асырудың маңызы атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның білім беру мен жас мамандар даярлау саласында дәстүрлі түрде жоғары деңгей көрсетіп келе жатқанын айтты.
Сондай-ақ тараптар энергетика, көлік және логистика, цифрландыру мен жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.




