Иерусалим. 13 қазан. ИНТЕРФАКС – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ арқылы Сауд Арабиясына хуситтерге қарсы әскери операцияларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген. Алайда корольдіктің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бұл ұсынысты қабылдамаған. Бұл туралы «Гаарец» басылымы дипломатиялық дереккөзге сүйеніп хабарлады.
«Дипломатиялық дереккөздің айтуынша, Нетаньяху америкалық делдалдар арқылы Сауд Арабиясынан Израильдің Йемендегі хуситтерге қарсы әскери операцияға қатысуына рұқсат алуға тырысқан. Алайда тақ мұрагері Израиль әскерінің араласуына қарсы шыққан. Өйткені мұндай шешім Сауд Арабиясы тұрғындарының наразылығын туғызуы мүмкін», – деп жазады басылым.
Тағы бір дереккөздің мәліметінше, Нетаньяху бұл бастама арқылы Израиль мен Сауд Арабиясы арасындағы байланысты нығайтып, екі елдің дипломатиялық қатынастарын қалыпқа келтіруге жол ашуды көздеген.
2020 жылы Дональд Трамптың АҚШ президенті ретіндегі алғашқы өкілеттік мерзімінде Вашингтонның араласуымен Израиль мен үш араб мемлекеті – Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері және Марокко арасында «Авраам келісімдері» жасалған болатын.
Бұл келісімдер дипломатиялық қатынас орнатуды, елшіліктер ашуды, сондай-ақ экономика мен басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді.
Алайда Сауд Арабиясының билігі Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін Палестина мемлекетін құру ісінде елеулі ілгерілеу болуы қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген.
«Гаарец» басылымы бұған дейін тараған ақпараттарға сүйеніп, Трамптың соңғы айларда Израиль мен Сауд Арабиясы арасындағы қатынастарды жақсарту үшін «Авраам келісімдері» аясындағы дипломатиялық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысқанын еске салды.




