Kazinform агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанда тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарна мөлшері төмендеуі мүмкін. Премьер-министр Олжас Бектенов осы бағытта тиісті тапсырма берді. Үкімет басшысы құрылыс саласындағы басты міндеттердің бірі жоспарланған 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді толық аяқтап, пайдалануға беру екенін атап өтті. «Бұл ретте тұрғын үйлер пайдалануға толық дайын болуы, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, айналасы абаттандырылуы тиіс», – деді Олжас Бектенов. Өңір әкімдіктеріне жер телімдерін алдын ала дайындап, оларға инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Премьер-министр тұрғын үй құрылысын қаржыландыру тетіктерін жетілдіріп, азаматтар үшін тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру қажеттігін де айтты. Осыған байланысты ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарна мөлшерін төмендетуге мүмкіндік беретін қосымша тетіктер жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Еуразия24 пікірі:
Көпшілік көптен күткен жаңалық. Үкімет басшысы Үкімет отырысында ипотекалық бағдарламалар бойынша бастапқы жарнаны төмендету мәселесін көтерсе, демек, жеңілдетілген несие беру бағдарламалары болғанымен, Қазақстан азаматтарының басым бөлігі үшін баспаналы болу әлі де қиын.
Мәселен, Отбасы банктің «Наурыз» бағдарламасы бойынша жаңадан салынған тұрғын үй кешенінен әрлеу жұмыстары толық аяқталған пәтер сатып алу үшін бастапқы жарна баспана құнының кемінде 10 пайызын құрайды (https://www.gov.kz/org/mps/press/news/details/1096498?lang=ru ). Ал әрлеусіз пәтер немесе қайталама нарықтан тұрғын үй алғысы келетіндер кемінде 20 пайызын төлеуі тиіс. «5-10-20» бағдарламасында да бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері – 10 пайыз.
Мысалы, пәтердің бағасы 20 млн теңге болса, жеңілдетілген ипотеканың өзімен бастапқы жарнаға 2–4 млн теңге қажет. Ал мұндай бағдарламалар ең алдымен баспанаға мұқтаж, қаржылық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған. Олардың көпшілігі үшін осыншама қаражат жинаудың өзі оңай емес.
Сондықтан Олжас Бектеновтің тапсырмасы дер кезінде берілді деуге негіз бар. Біздіңше, бұл бастама тағы бір өзекті мәселені айқын көрсетіп отыр. Халық табысының төмендігі азаматтардың ипотекаға жүгінбей, өз қаражатына баспана сатып алуына мүмкіндік бермейді.




