Мәскеу. 18 қазан. ИНТЕРФАКС – Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен оның кувейттік әріптесі Джаррах ас-Сабах Манамада өткен кездесуде Парсы шығанағындағы жағдайды саяси және дипломатиялық жолмен реттеудің баламасы жоқ екенін атап өтті. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
«Кездесу барысында екі елдің сыртқы істер министрлері Ресей мен Кувейт арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Мәскеу мен Эль-Кувейт саяси диалогты жоғары деңгейде жалғастыруға, өзара тиімді сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растады», – делінген Ресей СІМ хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, министрлер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, Парсы шығанағындағы жағдайға ерекше назар аударған.
«Тараптар әлемдік стратегиялық маңызы зор бұл аймақтағы шиеленісті мүмкіндігінше тезірек бәсеңдетудің жолдарын іздеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ қалыптасқан қайшылықтарды шешудің саяси және дипломатиялық тәсілдерден басқа жолы жоқ екенін, бұл ретте қақтығысқа қатысы бар барлық аймақ елдерінің мүдделері толық ескерілуі тиіс екенін жеткізді», – деп хабарлады Ресей СІМ.
Кездесу Манамада Ресей мен Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі арасындағы стратегиялық диалогтың тоғызыншы министрлік отырысы аясында өтті.




