Брюссель. 19 қазан. ИНТЕРФАКС – Еуропалық комиссия (ЕК) дүйсенбі күні Инновациялық қордың конкурсы аясында зиянды шығарындыларды нөлдік деңгейге жеткізуге бағытталған 77 еуропалық жоба іріктелгенін хабарлады. Оларға жалпы сомасы 3,4 млрд еуро көлемінде қаржылық қолдау көрсетіледі.
«ЕО-ның шығарындылар квоталарымен сауда жүйесінен түскен кірісті озық экологиялық таза технологияларға қайта инвестициялау арқылы Инновациялық қор компаниялардың нарыққа шығуына, зиянды шығарындыларды азайтуына және Еуропаның бәсекеге қабілеттілігін арттыруына көмектеседі», – деді Еуропалық комиссияның климат мәселелері жөніндегі мүшесі Вопке Хукстра.
Оның айтуынша, осылайша Еуропалық одақ климат саласындағы мақсаттарына қол жеткізумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және зиянды шығарындылары нөлдік деңгейдегі орнықты экономиканы қалыптастыруға ықпал етеді.
Еуропалық экономикалық аймаққа кіретін 23 елде жүзеге асырылатын жобалар өнеркәсіптің түрлі салалары мен технологиялық бағыттарын қамтиды.
«Олардың қатарында энергияны көп қажет ететін өндіріс салалары, жаңартылатын энергия көздері мен энергия сақтаудың инновациялық жүйелері, экологиялық таза технологиялар өндірісі, зиянды шығарындылары нөлдік деңгейдегі көлік, стратегиялық маңызы бар шикізатты қайта өңдеу, баламалы отынның заманауи түрлері және өнеркәсіптегі көміртегі шығарындыларын басқару технологиялары бар», – делінген Еуропалық комиссияның ресми хабарламасында.
Еуропалық комиссияның бағалауынша, іріктелген 77 жоба парниктік газдар шығарындыларын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
«Бұл қадам басқа салалардағы инновациялардың оң әсерімен бірге Еуропалық одақтың 2050 жылға қарай климаттық бейтараптыққа қол жеткізу мақсатына елеулі үлес қосады», – деп есептейді Брюссель.




