Евразия24Басты бетЭкспорттың қарқынды өсуі ішкі нарыққа қалай әсер етеді?

Экспорттың қарқынды өсуі ішкі нарыққа қалай әсер етеді?

|

|

Сауда және интеграция министрлігі  ерекше жаңалық жариялады. Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстан экспорты рекордтық қарқынмен өсіп, өсім көрсеткіші импорттан төрт еседен астам жоғары болған. Бұл өсімге негізінен агроөнеркәсіп кешені серпін берген. Күнбағыс майы, астық, ұн және зығыр экспорты бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Алайда дүкен сөрелеріне көз салсақ, аталған өнімдердің шетелден әкелінген түрлері де аз емес. Алайда отандық азық-түліктің шетелге көптеп шығарылуы ішкі нарықта тапшылық тудырып, бағаның негізсіз қымбаттауына және импорттық өнімдердің көбеюіне әкеліп соқпай ма? Оның үстіне, мемлекет соңғы екі жылдан бері азық-түлік инфляциясын тежеу шараларын белсенді түрде жүргізіп келеді. Ұлттық статистика бюросы, Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми деректеріне сүйене отырып, қосылған құны жоғары өнімдер экспортын арттыру мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арасында тепе-теңдік қаншалықты сақталғанын саралап көрейік.Бірден айта кетейік, Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында азық-түлік өнімдерімен қатар металлургия және тау-кен өнеркәсібі салаларында да экспорт көлемі артқаны айтылған. Алайда бұл мақалада аталған салаларға тоқталмаймыз. Талдау тек министрлік атап өткен агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін қамтиды.

СЫРТҚЫ САУДАДАН ТҮСЕТІН ТАБЫС

«2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 103 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға өсті. Экспорттың өсу қарқыны импорттан төрт еседен астам жоғары болып, елдің оң сауда теңгерімін едәуір нығайтуға мүмкіндік берді. Сегіз айда Қазақстан 60,4 млрд доллардың тауарын экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 19,5%-ға артық. Ал импорт көлемі 4,5%-ға өсіп, 42,6 млрд долларға жетті. Нәтижесінде сыртқы сауданың оң сальдосы 17,8 млрд долларды құрады. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 9,8 млрд доллар болған», – делінген Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.

Қазақстанның негізгі сауда серіктестері қатарында Қытай, Ресей және Италия бар. Қытаймен арадағы тауар айналымы 23,3 млрд долларды, Ресеймен – 18,3 млрд долларды, Италиямен – 11,8 млрд долларды құраған. Қазақстандық тауарларды ең көп сатып алатын елдер – Италия мен Қытай. Италияға экспорт көлемі 10,9 млрд долларға, ал Қытайға 10,7 млрд долларға жеткен. Ресей болса, Қазақстанға тауар жеткізетін негізгі ел болып отыр. Бұл елден әкелінген өнімдердің жалпы құны 13,2 млрд долларды құрайды.

Италияның Қазақстанмен сауда айналымы жөнінен алдыңғы қатарда тұруы кездейсоқ емес. Екі ел арасындағы сауданың негізгі үлесі мұнай экспортына тиесілі. Азық-түлік бұл көрсеткіште шешуші рөл атқармайды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан экспортының 18%-ы Италияға тиесілі болған. Ал 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 19,8%-ды құраған.

Демек, Италияға экспорт көлемі күрт өскен жоқ. Екі ел арасындағы сауда қатынастары бұрыннан қалыптасқан құрылымын сақтап отыр.

2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстан шетелге қосылған құны жоғары, өңделген агроөнеркәсіп өнімдерін 1,65 млрд долларға экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ақшалай есепте 48%-ға жуық өсім бар екенін көрсетеді.

Енді жекелеген көрсеткіштерге тоқталайық.

КҮНБАҒЫС МАЙЫ: ЭКСПОРТ АРТСА ДА, ИМПОРТ НЕГЕ АЗАЙМАЙДЫ?

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі өңдеу салаларының арасында май өндіру өнеркәсібі айтарлықтай жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында күнбағыс майының экспорты ақшалай есепте 48,5%-ға өсіп, 672,8 млн долларға жетті. Ал шетелге шығарылған өнім көлемі 35,9%-ға артып, 611,4 мың тоннаны құрады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші алты елдің қатарына енді. Сондай-ақ Қытайға осы өнімді жеткізушілер арасында екінші орынға көтерілді.

Алайда Ұлттық статистика бюросының мәліметтері экспорттағы жоғары көрсеткіштердің астарында бірқатар ерекшелік бар екенін көрсетеді. 2026 жылдың алғашқы төрт айында елімізде 335,5 мың тонна күнбағыс майы өндірілсе, осы кезеңде шетелге 353,8 мың тонна өнім жөнелтілген. Демек, экспорт көлемі сол уақыт аралығында өндірілген өнімнен 5,5%-ға артық болған. Сонымен қатар Қазақстанға шетелден 47,9 мың тонна күнбағыс майы әкелінген. Импорттық өнімнің ішкі нарықтағы үлесі 12,5%-ды құраған.

Бұл отандық күнбағыс майы дүкен сөрелерінен ығыстырылып жатыр дегенді білдіре ме? Жоқ, мұндай тұжырым жасауға негіз жоқ. Экспорт көлемінің сол кезеңдегі өндірістен асып түсуі өткен жылғы өнім қорларының біртіндеп сыртқы нарыққа шығарылуымен байланысты болуы мүмкін. Ал импорттық майдың ішкі нарықтағы 12,5% үлесін сақтап қалуына, біздіңше, сауда желілерінің тауар түрлерін көбейтуге ұмтылысы, сауда ерекшеліктері және бұрын жасалған келісімшарттар бойынша жеткізілімдердің жалғасуы әсер етіп отыр.

Сондықтан елімізде күнбағыс майының нақты тапшылығы туындайды деуге әзірге негіз жоқ деп есептейміз. Дегенмен импорттық өнімдердің құрылымын тұрақты бақылауда ұстап, олардың ішкі нарықтағы бағаға ықпалын қадағалау маңызды.

АСТЫҚТЫ ЕЛДІҢ ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІГІ

2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстан 1,25 млрд долларға 5,5 млн тоннадан астам бидай экспорттады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шетелге сатылған астық көлемі 13,8%-ға, ал ақшалай құны 26,5%-ға артқан.

Экспорттың ұлғаюына соңғы екі жылдағы мол өнім ықпал етті. Атап айтқанда, 2025 жылы диқандар 19,3 млн тонна, ал 2024 жылы 18,6 млн тонна бидай жинады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024–2025 жылғы маркетингтік маусымда астық пен ұнның жиынтық экспорты астық баламасымен есептегенде 15,3 млн тоннаға жеткен.

Қазақстанның астықты дәстүрлі түрде көп мөлшерде экспорттайтынын ескерсек, 5,5 млн тонна бидайдың шетелге сатылуы қалыпты көрсеткіш деуге болады. Алайда 2026 жылдың алғашқы сегіз айында елімізге сырттан 1,19 млн тонна бидай әкелінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 184,8%-ға көп.

Жылына 19 млн тоннадан астам бидай жинап, шетелге астық экспорттайтын Қазақстанға осыншама көлемде импорт не үшін қажет? Біздіңше, мұның себебі бидайдың сапасы мен сорттық ерекшеліктеріне байланысты. Қазақстан бағасы жоғары, ақуыз мөлшері мол қатты бидай мен жоғары сапалы астықты сыртқы нарыққа шығарып, есесіне техникалық мақсаттарға және мал азығына қажетті арзан шикізатты шетелден сатып алады.

ҰН ЭКСПОРТЫ ІШКІ НАРЫҚҚА ЗИЯН КЕЛТІРМЕЙ МЕ?

Қазақстанда ұн өндірісі жылдан-жылға артып келеді. 2021 жылы елімізде 3 млн тонна ұн өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 20,7%-ға өсіп, 3,63 млн тоннаға жетті. Өндіріс көлемінің ұлғаюы экспорттың да қарқын алуына мүмкіндік беріп отыр.

Сауда және интеграция министрлігі 2026 жылдың алғашқы сегіз айындағы сыртқы сауда қорытындысында: «Бидай және бидай-қарабидай ұнының экспорты 36%-ға өсіп, 400 млн долларға жетті. Ал шетелге жөнелтілген өнім көлемі 22,8%-ға артып, 1,38 млн тоннаны құрады», – деп мәлімдеді.

Қазақстанның ұн өндіру саласы негізінен сыртқы нарыққа бағытталған. Мәселен, 2026 жылдың сегіз айында Ауғанстанға ғана 874,3 мың тонна ұн экспортталған. Бұл еліміздің ішкі нарығына жеткізілетін ұн көлемімен шамалас.

Қазақстанның ішкі тұтынуға қажетті жылдық ұн мөлшері шамамен 1,2–1,3 млн тоннаны құрайды. Отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаты бұл сұранысты еш қиындықсыз толық қамтамасыз етуге жетеді.

Дегенмен сала үшін негізгі қауіп әлемдік нарықтағы бағаның өзгеруіне байланысты. Егер халықаралық нарықта ұн бағасы күрт қымбаттаса, өндірушілер өнімнің басым бөлігін шетелге сатуға мүдделі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ішкі нарықта да бағаның өсуіне ықпал ететін жағдай қалыптасады.

ЗЫҒЫР ТҰҚЫМЫНА ӘЛЕМДІК СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

Сыртқы сауда көрсеткіштеріне қарағанда, экспорт көлемі күрт өскен тауарлардың бірі – зығыр тұқымы.

«Сегіз айдың қорытындысы бойынша зығыр тұқымы экспортының ақшалай құны 2,3 есе өсіп, 387,8 млн долларға жетті. Ал шетелге жөнелтілген өнім көлемі 2,5 есе ұлғайып, 780,8 мың тоннаны құрады», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Майлы зығыр халық күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерінің қатарына кірмейді. Сондықтан оның экспорты халықтың азық-түлік шығынына тікелей әсер етпейді. Дегенмен бұл жерде бір мәселе бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда майлы дақылдар егілетін алқап 3,9 млн гектарға дейін ұлғайған. Ал еліміздегі май өңдеу зауыттарының жалпы өндірістік қуаты жылына 5 млн тоннадан асады.

Соған қарамастан, Қазақстан шетелге зығыр майын емес, өңделмеген тұқымын сатып отыр. Демек, өңдеуші кәсіпорындар үшін зығыр майын, күнжара мен техникалық мақсатта пайдаланылатын өзге де өнімдерді өндіруден гөрі шикізатты сол күйінде экспорттау тиімдірек болып тұр. Ал оны ел ішінде өңдеу арқылы өнімнің қосылған құнын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да ашуға болар еді.

Сонда мұның түпкі нәтижесі қандай?

«Агроөнеркәсіп кешені өнімдері, әсіресе күнбағыс майы мен ұн экспортының артуы қосылған құны жоғары тауарлардың сыртқы нарыққа көбірек шығарылып жатқанын көрсетеді. Бұл қазақстандық өнімдердің халықаралық нарықтағы орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді», – деп Сауда және интеграция министрлігі қорытындылады.

Статистикалық деректер де министрліктің бұл тұжырымын растайды. Ендеше, салаға жауапты шенеуніктердің оң бағасына қосылуға негіз бар. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан ұзақ жылдар бойы қолдауға бөлінген қаржы зая кетпей, бүгінде елеулі экономикалық нәтиже бере бастағаны байқалады.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан ШЫҰ отырысында бірқатар бастама көтерді

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдерді сауда байланыстарын нығайтуға, көлік дәліздерін дамытуға және цифрлық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Бұл бастамалар Душанбеде өткен ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің отырысында ұсынылды.

Жасөспірімдерге төнген қауіп: экстремистік ағымдардың арбау тәсілдері

Жасөспірімді теріс ағымға тарту үшін міндетті түрде агрессивті ұрандар қолданылмайды. Бәрі бір қарағанда еш күдік тудырмайтын орман көрінісінен, жаттығу туралы бейнероликтен, дұрыс тамақтану жөніндегі кеңестен немесе ежелгі дәстүрлер жайлы материалдан басталуы мүмкін.

Есірткі ісі бойынша ұсталған Navai Қазақстаннан шығарылды

Бір апта бұрын біз Жамбыл облысында ресейлік рэпер Наваи Бакировтың есірткі заттарын заңсыз тасымалдауға және сақтауға қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған едік. Алайда істің соңы біз күтпеген бағытта өрбіді.

Тоқаев құны 1,8 млрд доллар болатын Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысына бастау берді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.