Париж. 22 қазан. ИНТЕРФАКС – Франция президенті Эмманюэль Макрон бейсенбі күні премьер-министр Себастьен Лекорню мен арнайы қызмет өкілдерінің қатысуымен қауіпсіздік мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Бұл туралы Le Figaro басылымы хабарлады.
«Кеңесте алдағы апталарда барлау мәліметтерін жинау, ықтимал қауіптердің алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының орындалу барысы бағаланды. Сондай-ақ өткен демалыс күндеріндегі оқиғаларға жол берген кемшіліктер талданды», – деп басылым Елисей сарайының мәлімдемесін жазды.
Жиында Макрон әсіре солшыл топтардың әрекетін қатаң айыптады. Президенттің пікірінше, бұл топтар республикадағы билікті құлатуды көздейді және қоғамға аса үлкен қауіп төндіреді. Ол сондай-ақ 17 қазанда тұрмыс құнының қымбаттауына қарсы өткен наразылықтар кезінде күш қолдану мен тонауға барғандарға қатаң шара қолдануға шақырды.
«Біз саяси сипаттағы әрекеттермен қатар, ашық бүлік шығаруға бағытталған қимылдарға да тап болдық. Оларды республикалық билікті құлатуды мақсат еткен әсіре солшыл топтар ұйымдастырған», – деп Le Figaro Макронның Елисей сарайындағы кеңестен кейін айтқан сөзін жазды.
Франция президентінің айтуынша, бүлік ұйымдастырушылар өз мақсаттарын жасырмайды.
«Олар мұны өздері ашық айтып отыр. Әрекеттері өте қауіпті, қатыгез әрі алдын ала мұқият жоспарланған. Сонымен бірге наразылық кезінде жасалған өзге де құқық бұзушылықтар бар. Оларға да барынша қатаң шара қолдануымыз керек. Алайда бұл әрекеттердің сипаты бөлек», – деді Макрон.
24 қазанда өтетін кезекті жалпыхалықтық наразылық күніне байланысты шерулер ұйымдастыру тәртібі күшейтіледі. Тек кәсіподақтардың бастамасымен өткізілетін шерулерге ғана рұқсат беріледі. Оның өзінде шеру бағыттары сауда орындары мен қоғамдық ғимараттарға зиян келмейтіндей етіп белгіленуге тиіс.
«Алдағы күндері шерулер өткізбеу жөнінде жалпы ұсыныс берілді. Егер кәсіподақ ұйымдары наразылық акцияларын жалғастырғысы келсе, префектілер оларға басқа бағыттарды ұсынады. Ал ұйымдастырушылар кәсіподақтар болмаса, мүмкіндік бар жерлердің бәрінде мұндай шерулерге тыйым салынады», – деді президент.
Макрон сондай-ақ 23 қазан, жұма күні Қорғаныс кеңесінің отырысы өтетінін мәлімдеді.
«Біз қосымша шешімдер қабылдаймыз», – деді ол.
17 қазанда Францияда ел көлемінде наразылық акциялары өтті. Оларды ұйымдастыруда солшыл бағыттағы кәсіподақтар негізгі рөл атқарды. Шерулерге мектеп оқушылары мен студенттер ұйымдары, сондай-ақ «сары жилеттілер» қозғалысының өкілдері қатысты.
Наразылық білдірушілердің басты талаптарының бірі халықтың күнкөріс шығындарын азайту болды. Атап айтқанда, олар жанармай мен күнделікті тұтынатын негізгі тауарлардың бағасын төмендетуді талап етті.
Алайда бейбіт шеру өткізуге жиналғандарға радикалды топтар мен бұзақылар қосылғаннан кейін жағдай ушығып, жаппай наразылық акциялары қирату мен тонауға ұласты.




