Астана. 22 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, атом саласын дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Алмасадам Сәтқалиев Мемлекет басшысына агенттіктің 2026 жылғы жұмысының негізгі нәтижелері туралы есеп беріп, атом өнеркәсібі мен энергетика саласындағы қазіргі жағдайды баяндады.
Кездесу барысында атом электр станцияларын салу, атом ғылымы мен инновацияларды дамыту, білікті мамандар даярлау және салалық жобалардағы отандық өнімдер мен қызметтердің үлесін арттыру мәселелері қаралды.
Сондай-ақ Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, радиоактивті қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық әрі нормативтік базаны нығайту мәселелеріне ерекше мән берілді.
Кездесу қорытындысында Президент ұлттық атом энергетикасын дамыту мәселелерін жіті бақылауда ұстап, Атом саласын дамыту стратегиясында белгіленген міндеттердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазақстанда бірнеше атом электр станциясын салу жоспарланып отыр. Алғашқы «Балқаш» АЭС-ін Ресейдің «Росатом» корпорациясы салады. Қуаты ВВЭР-1200 үлгісіндегі екі реактордан тұратын станция құрылысының жол картасына 2025 жылы қол қойылған. Құрылыс шамамен 11 жылға созылып, 2035–2036 жылдары аяқталуы мүмкін. Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылы төңірегінде зерттеу жұмыстары 2025 жылғы 8 тамызда басталған.
Екінші «Мойынқұм» АЭС-ін де Балқаш маңында салу көзделген. Станция әрқайсысының қуаты 1200 МВт болатын екі энергоблоктан тұрады. Оның құрылысына басымдық берілетін серіктес ретінде Қытайдың CNPC компаниясы қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек, тағы екі атом электр станциясын орналастыруға қолайлы алаңдар зерттелуде.




