Вашингтон. 23 қазан. ИНТЕРФАКС – Кәсіпкер Илон Маск АҚШ Конгресіне өтетін аралық сайлауға кемінде 445 миллион доллар бөлді. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, қаржының басым бөлігі республикашылдардың АҚШ Сенатындағы ықпалын сақтап қалуына қолдау көрсетуге бағытталған.
«Қомақты қаржы бөлуінің нәтижесінде әлемдегі ең бай адам аралық сайлаудың ең ірі демеушісіне айналды. Бұл сайлау президент Дональд Трамптың Ақ үйдегі өкілеттік мерзімінің соңғы екі жылында Конгресті қай партия бақылайтынын анықтайды», – деп хабарлайды CNN.
Телеарна АҚШ Федералдық сайлау комиссиясының деректеріне сүйене отырып, Маск қазан айының алғашқы екі аптасында қосымша 76,8 миллион доллар бөлгенін атап өтті.
Бұған дейін The New York Times басылымы Масктың үш ай ішінде Республикалық партияның саяси іс-қимыл комитеттері (PAC) мен өзге де ұйымдарына жалпы сомасы 276 миллион доллардан астам қаржы аударғанын хабарлаған.
«Осындай ауқымды қаржылық қолдау Республикалық партияға өз ұстанымдарын сайлаушыларға жеткізуге мүмкіндік берді. Соның арқасында республикашылдардың қалыптасқан саяси үрдісті өзгертуге нақты мүмкіндігі пайда болды», – деді Маскқа тиесілі America PAC ұйымының өкілі Эндрю Ромео басылымға берген сұхбатында.
Атап айтқанда, шілде мен қыркүйек аралығында Маск Сенатқа сайланатын республикашыл кандидаттарды қолдайтын Senate Leadership Fund саяси іс-қимыл комитетіне 158 миллион доллар бөлген.
Басылым кәсіпкердің бұған дейін де Республикалық партияның сайлау қорларына мезгіл-мезгіл ірі көлемде қаржы аударып келгенін жазды.
АҚШ-та саяси іс-қимыл комитеттері (PAC) сайлау науқандарына қаржы жинап, оны түрлі кандидаттарды қолдауға бағыттайтын ұйымдар болып саналады.
АҚШ-тағы аралық сайлау 3 қарашада өтеді. Онда Өкілдер палатасының барлық орны және Сенаттағы орындардың бір бөлігі үшін дауыс беріледі.
Қоғамдық пікір сауалнамалары Демократиялық партияның Өкілдер палатасында көпшілік орынға қайта ие болу мүмкіндігі жоғары екенін көрсетіп отыр. Ал сайлау нәтижесі өздеріне қолайлы болған жағдайда демократтар Сенатта да басымдыққа қол жеткізуі мүмкін.




