Лондон. 23 қазан. ИНТЕРФАКС – 2026 жылдың жазында Еуропаның 900-ге жуық қаласында аптап ыстықтың салдарынан 50 мыңнан астам адам қайтыс болды. Бұл туралы Лондон Империялық колледжінің Грэнтэм институты жариялаған баяндамада айтылған.
«Біздің есептеуімізше, биыл жазда 854 қалада аптап ыстықтың әсерінен 50 391 адамның мезгілсіз қайтыс болғаны анықталды», – делінген баяндамада.
Мамандар мұндай жағдайды «артық өлім-жітім» деп атайды. Бұл – ауа райының күрт өзгеруі, әскери қақтығыстар немесе ашаршылық сияқты сыртқы факторлардың әсерінен белгілі бір кезеңде қайтыс болғандар санының алдын ала болжанған деңгейден асып кетуі.
Зерттеушілердің мәліметінше, биыл жазда аптап ыстықтан болған өлім-жітімнің шамамен үштен екісіне адам әрекетінен туындаған климаттың өзгеруі себеп болған.
Ыстықтан қайтыс болғандар саны Мальта, Италия және Венгрияда ең жоғары деңгейге жеткен. Қаза болғандардың жартысына жуығы 85 жастан асқан адамдар. Сонымен қатар 20 мен 44 жас аралығындағы 883 адамның да аптап ыстық салдарынан көз жұмғаны тіркелген.
2026 жылдың жазында аптап ыстықтан болған өлім-жітім көрсеткіші 2025 және 2024 жылдардың сәйкес кезеңдерімен салыстырғанда екі есеге жуық артқан.
Мамыр айында Еуропада басталған аптап ыстық жаз бойы дерлік сақталды. Бірқатар елде ауа температурасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, рекорд жаңартылды. Кейбір мемлекеттерде сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтерілсе, жекелеген өңірлерде одан да асты.
Төтенше ыстықтың салдарынан Еуропаның көптеген елінде, соның ішінде Франция, Испания және Италияда табиғи өрттер тұтанды.




