Қазақстанда борышкерлердің банк шотында ең төменгі қажетті соманы сақтап, оны еш кедергісіз пайдалануына мүмкіндік беретін бірыңғай тетік жоқ. Бұл Ұлттық банктің Құрылтайдағы үш фракция депутаттарының сауалына берген жауабынан белгілі болды.Негізінде, 2016 жылы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңда борышкердің жалақысынан немесе өзге де табысынан берешек өндірілген кезде оның табысының кемінде 50 пайызы сақталуға тиіс екені бекітілген. Оның үстіне борышкердің қолында қалатын қаражат ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы керек. Алайда іс жүзінде сот орындаушылары борышкердің бірнеше банк шотына бір мезгілде тыйым салып, бұғатталған қаражаттың жалпы көлемі қарыз сомасынан бірнеше есе асып кететін жағдайлар кездеседі. Біздің ойымызша, бұл жағдайды назардан тыс қалдыруға болмайды.Сондықтан «Ауыл», Respublica және «Әділет» фракциялары Ұлттық банкке тікелей жүгініп, қалыптасқан жағдайды реттеу үшін нақты шаралар қабылдауды сұрады. Ал Ұлттық банк жауабы қандай болды?
ҚАРЫЗ ӨНДІРУДЕГІ ҚОСАРЛЫ ТАЛАП
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен проблемалық кредиттердің көлемі 1,8 трлн теңгеге жеткен. Ал Әділет министрлігінің деректеріне сәйкес, атқарушылық іс жүргізу аясында 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шоттары бұғатталған. Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңына сәйкес, борышкердің жалақысынан және өзге де табысынан берешек өндірілген кезде оның табысының кемінде 50 пайызы өзінде қалуға тиіс. Сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі қаражаттың сақталуына кепілдік беріледі. Алайда банк шоттарына шектеу қойылған кезде осы кепілдіктердің іс жүзінде қаншалықты сақталатыны күмән тудырады. Қазір төлемдердің басым бөлігі қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Ал банк шотының бұғатталуы азаматтың заңмен қорғалған немесе күнделікті тіршілігіне қажетті қаражатын пайдалану мүмкіндігінен айыруы ықтимал. Соның салдарынан адамдар азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу, жолақысын төлеу, байланыс және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу сияқты ең қажетті шығындарын да өтей алмай қалуы мүмкін», – деп фракция депутаттары өз сауалында жазды.
Сонымен қатар депутаттар Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды:
- Банк шоттарында өндіріп алуға жатпайтын ең төменгі қаражат мөлшерін белгілеу және банктердің мұндай қаражатты автоматты түрде анықтауын қамтамасыз ету;
- Борышкерлердің күнделікті қажеттілігіне жұмсайтын ақшасын бұғаттан шығару үшін түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырмауы мақсатында бұл үдерістерді автоматтандыру;
- Банк шотында сақталуға тиіс ең төменгі қаражатқа қатысты кепілдіктерді кредиттік шарттарда бекіту;
- Банктер мен сот орындаушыларының өзара келісілген тәртіппен жұмыс істеуі үшін бірыңғай ережелер енгізу;
- Шетелдік тәжірибені зерделеп, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге қажетті өзгерістер әзірлеу.
Алайда жарияланған мәліметтерге сәйкес, борышкердің күнкөрісіне қажетті ең төменгі қаражаттың сақталуы заңда белгіленген кепілдіктерге емес, қарызды кім өндіріп алып жатқанына байланысты болып отыр.
Егер берешекті банк төлем талабы негізінде өзі өндіріп алса, «Банктер және банк қызметі туралы» және «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңдарға сәйкес, шотқа түскен қаражаттың 50 пайызынан артық соманы ұстап қалуға құқығы жоқ. Сонымен қатар клиенттің шотында ай сайын кемінде екі ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең қаражат сақталуға тиіс. 2026 жылы бұл сома 101 702 теңгені құрайды.
Ал берешек сот орындаушысының инкассолық өкімі негізінде өндірілген жағдайда банктер борышкердің шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі қаражатты сақтау кепілдігін қолдана алмайды.
«Қолданыстағы заңнамада сот орындаушыларының инкассолық өкімдерін орындау кезінде борышкердің банк шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең соманы сақтау мүмкіндігі қарастырылмаған. Банк сот орындаушысының инкассолық өкімінде көрсетілген соманы шоттағы қаражат қалдығынан және (немесе) кейін түсетін ақшадан өндіріп алуға міндетті.
Сонымен қатар іс жүзінде сот орындаушылары борышкердің барлық банктегі шоттарына қарыздың толық сомасы көлемінде бір мезгілде тыйым салатын жағдайлар кездеседі. Соның салдарынан нақты берешек мөлшерінен бірнеше есе көп қаражат бұғатталуы мүмкін.
Осыған байланысты сіздер көтерген мәселелер сот орындаушыларының қызметі аясында жан-жақты зерделеніп, кешенді түрде қаралуға тиіс деп есептейміз», – деп Ұлттық банк төрағасының міндетін атқарушы Данияр Вағапов депутаттарға жауап берді.
ЕСЕЛЕГЕН БЕРЕШЕК
Банк шотындағы қаражатқа тыйым салу мен оны өндіріп алу екі түрлі рәсім екені түсінікті. Алайда борышкер үшін айырмашылығы шамалы. Екі жағдайда да ол күнделікті тұрмысына қажетті ақшасын пайдалана алмайды.
Қазір халықтың басым бөлігі төлемді банк картасы арқылы жасайды. Сондықтан барлық банктегі шоттары бұғатталған азаматтың қаржылық жағдайы бірден қиындайды.
Ұлттық банктің жауабына сүйеніп, қарапайым мысал келтірейік. Айталық, азаматтың 500 мың теңге берешегі бар. Оның үш банкте шоты болса, сот орындаушысы әр шотқа 500 мың теңгеден шектеу қоя алады. Нәтижесінде 500 мың теңге қарыз үшін жалпы сомасы 1,5 млн теңгеге дейінгі қаражат бұғатталуы мүмкін.
Депутаттар Әділет министрлігінің деректеріне сүйеніп, елімізде 1,5 миллионнан астам адамның банк шоттары бұғатталғанын мәлімдеген еді. Бұл – Қазақстан халқының 7,3 пайызы, яғни әрбір он төртінші азамат.
Олардың біразы амалсыздан қолма-қол ақшамен есеп айырысып, жалақысын да бейресми түрде алып жүрген болуы әбден мүмкін. Бірақ мұндай жолмен қарыздан құтылу мүмкін емес. Кредитор алдындағы міндеттеме сақталады, ал берешекті өтеу мәселесі түбінде қайта көтеріледі.
Егер борышкер табысының кемінде жартысын өзінде қалдыру туралы заң талабы толық орындалса, жағдай басқаша болар еді. Шетелге шығуына шектеу қойылып, банк қызметтерін еркін пайдалана алмай, өмір бойы қарыздан жалтарып жүруді кім қалайды? Қаражаты түгел бұғатталмаған азаматтың берешегін біртіндеп өтеуге де мүмкіндігі болар еді.
АШЫЛМАҒАН ТҮЙІН
Депутаттар Ұлттық банкке бірқатар маңызды өзгеріс енгізуді ұсынды. Соның ішінде шетелдік тәжірибені зерделеу, әлеуметтік төлемдер мен өндіріп алуға жатпайтын табыстарды банк жүйесінде арнайы белгілеу тетіктерін қарастыру мәселелері бар.
Алайда Ұлттық банк мәселенің негізгі бөлігін сот орындаушылары мен Әділет министрлігінің құзыретіне жатқызды.
Біздіңше, мұндай ұстаным мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің жеткіліксіз екенін көрсетеді. Банктер мен сот орындаушыларының ақпараттық жүйелері мен қызметін реттейтін ережелер өзара толық үйлестірілмеген. Ал мұның зардабын қарапайым қарыз алушылар тартып отыр.
Дегенмен Ұлттық банк мәселенің бар екенін және оны шешу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін мойындайды. Банктердің өз берешектерін өндіріп алу тәртібі қолданыстағы заң талаптарына қайшы келмесе де, сот орындаушылары арқылы қарыз өндіруде түйткілдер сақталып отыр.
«Қалыптасқан жағдайды заңнамалық тұрғыдан реттеу үшін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» және «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңдарға мынадай өзгерістер енгізу қажет:
- Сот орындаушыларының инкассолық өкімдерін орындау кезінде борышкердің банк шотында күнкөрісіне қажетті ең төменгі қаражаттың сақталуын қамтамасыз ететін тәртіпті бекіту.
- Банк шоттарына тыйым салу тәртібін реттеу. Атап айтқанда, борышкердің бір банкте бірнеше шоты болған жағдайда, тыйым салынған соманы сол шоттардың бірінде қамтамасыз ету тәртібін заңмен белгілеу. Сондай-ақ банктерге сот орындаушыларының өзге шоттарға тыйым салу туралы қаулыларын қайтару құқығын беру.
Ұлттық банк тиісті ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдады. Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қажетті заңнамалық түзетулерді әзірлеуге дайын», – деп Ұлттық банк төрағасының міндетін атқарушы Данияр Вағапов жауап берді.
Ендігі міндет – заңда бекітілген кепілдіктердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Өйткені қазіргі жағдай бұл талаптардың толық сақталмай отырғанын көрсетеді.
Азаматтың кімге және қанша қарызы болса да, ең төменгі күнкөрісіне қажетті қаражаты қол сұғылмайтын кепілдік ретінде қорғалуы тиіс.




