ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлайды: «Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында суды үнемдеуге негізделген егіншілікті дамыту жөніндегі бастамаларын ұсынды. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова бастаған делегация Қытайдың Шэньси провинциясында өткен 33-ші Янлин ауыл шаруашылығы көрмесі аясындағы іс-шараларға қатысты. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,6 млн гектар суармалы жер игеріліп жатыр. Оның 702,3 мың гектарында су үнемдеу технологиялары қолданылады. Бұл суармалы жерлердің жалпы көлемінің шамамен 44 пайызын құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша заманауи суару жүйелерін пайдалану нәтижесінде шамамен 874 млн текше метр су үнемделді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің заманауи технологияларға көшуін жеделдету мақсатында мемлекет қаржылай қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Атап айтқанда, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу мөлшері 60 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Ал мұндай жүйелерді пайдаланған жағдайда суармалы су құнын субсидиялау деңгейі 50 пайыздан 85 пайызға дейін артты. 2026–2028 жылдары су үнемдеу технологияларын енгізуге инвестициялық субсидия ретінде 214,6 млрд теңге бөлу көзделген. Қазақстан тарапы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, аграрлық жоғары оқу орындары, жабдық өндірушілері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қатысатын, су үнемдеуге негізделген егіншілік саласындағы озық тәжірибе алмасуға арналған өңірлік платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды».
Еуразия24 пікірі:
Қазақстан ауыл шаруашылығын су тапшылығы жағдайына бейімдеу бағытында көптен бері жұмыс жүргізіп келеді. Болжам бойынша, 2040 жылға қарай елдегі су тапшылығы 12–15 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Суды үнемдеу тек ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тамшылатып суару жүйелерін орнатуымен шектелмейді. Бұл бағытта мемлекет меншігіндегі каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту да маңызды. Сонымен қатар өсірілетін дақылдарды таңдауда, әсіресе суды көп қажет ететін түрлеріне қатысты қалыптасқан тәсілдерді қайта қарау қажет. Еске сала кетейік, 2026 жылдың ақпанында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанның суды көп қажет ететін дақылдардан табысы жоғары әрі нарықта сұранысқа ие дақылдарға көшуді жалғастыратынын мәлімдеген болатын . Бұл үшін еліміздің оңтүстік өңірлерінде егіс алқаптарының құрылымын өзгертіп, оның ішінде күріш пен бидай егілетін жер көлемін қысқарту жоспарланған.
Үкімет 2020 жылдың өзінде Қазақстанда тұтынылатын судың шамамен 67 пайызы ауыл шаруашылығының үлесіне тиетінін атап өткен еді . Ал 2025 жылы бұл сала жалпы ішкі өнімнің 3,8 пайызын құрап, жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 10,6 пайызын еңбекпен қамтамасыз етті. Демек, суды тиімді пайдалану экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан да айрықша маңызға ие.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Орталық Азиядағы суару жүйелерін жаңғырту жөніндегі ұсынымдарында техникалық инфрақұрылымды жетілдірумен қатар су ресурстарын басқару ісін де жақсарту қажеттігін атап көрсетеді. Қазақстан бұл ұсынымдарды үнемі ескеріп келеді.
Осының бәрі Қазақстанның су тапшылығы мәселесіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын және суды пайдалану жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды міндеттер қойып отырғанын көрсетеді. Сондықтан еліміздің ШЫҰ аясында тәжірибе алмасуға арналған өңірлік платформа құру жөніндегі ұсынысын осы саладағы келешегі зор практикалық бастамалардың бірі деуге негіз бар.




