Евразия24Таңдаулы жаңалықтарҚорғаныс министрлігі әскери реформаның негізгі бағыттарын таныстырды

Қорғаныс министрлігі әскери реформаның негізгі бағыттарын таныстырды

|

|

Kazinform агенттігі хабарлайды: «Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданған кешенді әскери реформа жүзеге асырыла бастады. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, реформа аясында Қарулы күштердің құрылымы, әскери басқару жүйесі, әскерлерді даярлау, әскери қызмет өткеру тәртібі мен әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау тетіктері жаңартылады. Реформа барысында Қарулы күштердің құрылымы мен құрамын жетілдіру, қорғанысты жоспарлау жүйесін жаңарту, жұмылдыру даярлығын күшейту және резерв жасақтау ісін дамыту көзделген. Әскери қызметшілерді даярлау сапасын арттырып, оқу-жаттығу шығындарын азайту үшін ұрыс қимылдарын модельдеуге мүмкіндік беретін симуляциялық бағдарламаларды пайдалану жоспарланып отыр. Оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілердің өз бетінше әрекет ету және бөлімше құрамында үйлесімді қимылдау дағдыларын дамытуға басымдық беріледі. Даярлық кезінде заманауи ұрыс жүргізу тәсілдері мен қару-жарақтың жаңа үлгілері ескеріледі. Реформадағы негізгі өзгерістердің бірі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді жүйесіне көшу. Алғашқы алты айда әскерге жаңадан шақырылған азаматтар оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Осы кезеңде олар әскери өмірге бейімделіп, бастапқы әскери білім алады және дене дайындығын жақсартады. Келесі алты айда сарбаздар әскери бөлімдерде қызмет атқарып, кәсіби дағдыларын шыңдайды және бөлімше құрамында жүктелген міндеттерді орындайды. Жаңа жүйенің жекелеген тетіктері «Sarbaz+» жобасы аясында сынақтан өткізілген. Мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді жүйесін сынақтан өткізуге арналған пилоттық жобаны 2027 жылы іске қосу жоспарланған».

 

Еуразия24 пікірі:

Біз реформа жоспарының негізгі тұстарына ғана тоқталдық. Құжатта қамтылған өзгерістер жөнінде толық мәлімет алу үшін оның бастапқы нұсқасымен танысқан жөн.

21 қазанда Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған реформа жоспары аясында Қарулы күштердің құрылымы мен басқару жүйесін жетілдіру, ұшқышсыз ұшу аппараттары күштерін құру, мерзімді әскери қызметшілерді даярлау тәртібін өзгерту, олардың құқықтарын қорғауды күшейту және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету көзделген

Осылайша, реформа әскери саланы жаңғыртумен қатар, әскердегі басқару ісінде, тәртіп пен әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етуде анықталған кемшіліктерді жоюды да мақсат етеді.

Әскери даярлықтың сапасын арттыру және оқу-жаттығуға жұмсалатын шығынды азайту үшін арнайы симуляциялық бағдарламаларды енгізу жоспарланып отыр. Дегенмен олардың іс жүзінде қалай қолданылатыны әзірге нақтыланбаған. Атап айтқанда, бұл бағдарламалар қолданыстағы даярлық жүйесін толықтыра ма, әлде қаржы үнемдеу мақсатында далалық оқу-жаттығулардың көлемі қысқара ма? Өйткені мұндай жаттығулар едәуір шығынды қажет еткенімен, әскери қызметшілердің тәжірибе жинақтауында маңызды орын алады.

Мерзімді әскери қызметшілерді екі кезеңмен даярлау туралы шешімді орынды бастама деп бағалауға болады. Осындай жүйе әлемнің көптеген елдерінің қарулы күштерінде бар. Алайда әр мемлекетте даярлық кезеңдеріне бөлінетін уақыт әртүрлі.

Бұл ретте оқу орталықтарында берілетін білім мен әскери бөлімдердегі қызметтің өзара сабақтастығын қамтамасыз ету маңызды. Сарбаздардың алғашқы алты айда меңгерген білімі кейінгі қызметінде қажетке жарауы тиіс. Сол сияқты әскери бөлімдерде жүктелетін міндеттерді орындауға қажетті білім мен дағдылардың оқу бағдарламасынан тыс қалмағаны жөн.

Жаңа тәртіпті енгізу 2027 жылға жоспарланғандықтан, оны нақты әскери қызмет жағдайында сынақтан өткізуге, тәжірибе нәтижелерін ескеріп, қажетті өзгерістер енгізуге мүмкіндік бар.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қашаған дауы: халықаралық төрелік сот Қазақстанның 12 млрд долларлық талабын қабылдамады

Бұл туралы алғашқы ақпарат Bloomberg агенттігінде өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып жарияланды . Агенттіктің хабарлауынша, халықаралық төрелік сот Қазақстан үкіметінің Қашаған кен орнындағы даулы шығындарға байланысты ExxonMobil компаниясына және жобаға қатысушы өзге де компанияларға қойған шамамен 12 млрд АҚШ доллары көлеміндегі талабын жарамсыз деп таныған.

Бразилияда президент сайлауының екінші кезеңі өтеді

Жексенбі күні Бразилияда президент сайлауының екінші кезеңі өтеді. Мемлекет басшысы лауазымы үшін қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силва мен сенатор Флавиу Болсонару бақ сынайды.

АҚШ-тың әскери кемелері Иранға қарсы операцияға дайындалып жатыр

АҚШ Әскери-теңіз күштері Иранға қарсы әскери соққылардың қайта басталуына дайындық аясында USS George Washington әуе кемесіне оқ-дәрі тиеп жатыр. Бұл туралы The Wall Street Journal газеті хабарлады.

Путин, Си Цзиньпин, Трамп және өзге де мемлекет басшылары Қазақстан Президентін Республика күнімен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсуде. Бұл туралы жексенбі күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.