Kazinform агенттігінің хабарлауынша, ҚР Қаржы министрлігі кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс белгілері бар мобильді аударымдарды анықтау үшін салық органдары басшылыққа алатын өлшемшарттарды өзгертті. Жаңа ережелер 2026 жылы 10 қарашадан бастап күшіне енеді. Бұған дейін үш ай қатарынан әр айда 100 және одан да көп түрлі адамнан ақша түсіп, осы кезеңдегі аударымдардың жалпы сомасы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда, мұндай операциялар салық органдарының тексеруіне негіз болуы мүмкін еді. Енді шекті сома тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 360 еселенген мөлшерінен, яғни 1 557 000 теңгеден асуы тиіс. Ал ақша жіберушілердің саны мен аударымдар түсетін кезеңге қатысты талаптар өзгеріссіз қалды.
Еуразия24 пікірі:
Біздің ойымызша, мобильді аударымдарды бақылауға қатысты шекті соманы көтеру Қаржы министрлігінің орынды шешімі болды. Үш айға белгіленген 1,557 млн теңге айына небәрі 519 мың теңгеден келеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында орташа жалақы 486 388 теңгеге жеткен Қазақстанда мұндай соманы ауқымды кәсіпкерлік қызметтің белгісі деп қарастыру қиын. Оның үстіне, мобильді аударымдардың барлығы бірдей табыс табумен байланысты емес. Азаматтар бір-біріне қарызын қайтаруы, ортақ сатып алуларға ақша жинауы, туыстарына көмектесуі немесе бірлескен шығындарды өтеуі мүмкін.
Сондықтан бақылауға ілігетін шекті соманың бірден 52,6 пайызға көтерілуі заңсыз кәсіпкерлікпен айналыспаса да, салық органдарының күдігіне ілігуі мүмкін азаматтарға біршама еркіндік беретіндей.Осылайша, мемлекет тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтау мүмкіндігін сақтай отырып, азаматтардың шағын көлемдегі ақша айналымына шамадан тыс бақылау жүргізу ықтималдығын азайтады. Түптеп келгенде, салықтық бақылаудың мақсаты – адамдарды банк шоттары арасындағы әрбір ақша аударымы үшін түсініктеме беруге мәжбүрлеу емес, шын мәнінде жасырылған табыстарды анықтау.




