Астана. 9 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елдің әлемдегі беделін нығайтып, қоғамдық дипломатияны дамыту үшін спорттың мүмкіндігін толық пайдалануды тапсырды.
«Біз осы мүмкіндікті толық пайдалануымыз керек. Қазақстан спорттағы орнын дәйекті түрде нығайтып келеді. Елімізде ең жоғары деңгейдегі жарыстар өтіп жатыр», – деді Тоқаев Азия ойындары мен Азия параойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде.
Президенттің сөзін дүйсенбі күні оның баспасөз қызметі жариялады.
Тоқаевтың пікірінше, бүгінде спорт мемлекеттердің халықаралық беделі мен абыройын айқындайтын маңызды саланың біріне, қоғамдық дипломатия құралына айналды.
Президент 2027 жылы Қазақстанда бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионаттары өтетінін еске салды. Сонымен қатар елімізде жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Көктемде Астанада УЕФА-ның 51-конгресі өтеді.
«Осындай ауқымды, көпшіліктің назарын аударатын спорттық шараларды өткізу салалық министрлік пен федерациялардан, Үкімет пен Ұлттық олимпиада комитетінен үлкен күш-жігерді талап етеді. Олар бірлесе, үйлесімді жұмыс істеуге тиіс. Өйткені бұл – Қазақстанның халықаралық беделіне қатысты мәселе. Осы жарыстардың бәрі еліміздің абыройын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды, туризмді және отандық спорт мектебін дамытуға ықпал етеді», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, биыл Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (World Anti-Doping Agency, WADA) конгресі өтеді.
«Қазақстан допингсіз, таза спортты насихаттауға, озық халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізуге көп күш жұмсап келеді. Спорттағы адал бәсеке қағидаттары мемлекетіміздің стратегиялық бағытына негіз болған әділдік идеясымен толық үндеседі», – деді Тоқаев.




