Дубай. 9 қараша. ИНТЕРФАКС – АҚШ әскері Иранның қару тасымалына тосқауыл қою үшін Iron Gate («Темір қақпа») жедел тобын құратынын жариялау арқылы әскери науқанның сәтсіздігі мен 3 қарашадағы аралық сайлау нәтижесінің кері әсерін азайтуға тырысып отыр. Бұл туралы дүйсенбі күні Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи мәлімдеді.
«АҚШ әскері «Темір қақпа» тобын құру арқылы өз жеңілісінің орнын қандай да бір жолмен толтырмақ. Әсіресе сайлаудан кейін, жіберген қателіктері үшін жауап беруі керек тұста осындай қадамға барып отыр», – деп хабарлады ИРНА агенттігі Багаидің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Ол АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығын (CENTCOM) басқаратын адмирал Брэд Купер «жуырда қызметін ауыстыратын сияқты» екенін айтты.
Багаидің пікірінше, республикашылдардың 3 қарашадағы сайлауда жеңілуіне Ақ үйдің Израиль мүддесіне сай әрекет етіп, «Бәрінен бұрын Америка» қағидатынан бас тартуы да себеп болған. Дегенмен ол АҚШ билігіндегі алдағы ауыс-түйіске Иран үлкен үміт артпайтынын жеткізді. Тегеран үшін ең бастысы – ұлттық мүддені, соның ішінде елдің аумақтық тұтастығын және Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қорғау.
Сенбі күні CENTCOM АҚШ Қарулы күштері Иранның құрлық жолдары және Каспий теңізі арқылы қару тасымалдауына тосқауыл қоятын жедел топ құрып жатқанын хабарлаған еді. «Iran Gate жедел тобын құру Иранға қарсы теңіздегі қатаң қоршаудың нәтижесін нығайта түседі. Орталық қолбасшылықтың АҚШ-тың өзге ведомстволарымен ынтымақтастығын күшейту Иранның терроризмді қаржыландыру, қару-жарақ зауыттарын қалпына келтіру және қарулы күштерін толықтыру мүмкіндігін одан әрі шектейді», – деген адмирал Купер.
CENTCOM мәліметінше, АҚШ-тың теңіз қоршауы Иранның 25 млрд доллардан астам сомаға шикі мұнай экспорттауына жол бермеген. АҚШ әскері Иран порттарына кіретін және олардан шығатын барлық кемеге теңізде бұрынғыдай қатаң шектеу шаралары қолданылатынын мәлімдеді.




