Дубай. 13 қараша. ИНТЕРФАКС – Хуситтермен өзара соққы алмасуды жалғастырып жатқан Сауд Арабиясы үшін шетелдік әскери контингенттерден гөрі әскери техника маңыздырақ. Бұл туралы жұма күні The National басылымы дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
«Сауд Арабиясының билік өкілдеріне жақын дереккөздің айтуынша, Эр-Риядтың әскери көмек жөніндегі өтініштері негізінен шетелдік әскерді орналастыруға емес, әскери техника мен жауынгерлік әлеуетті күшейтуге бағытталған. Оның сөзінше, Сауд Арабиясы көптеген стратегиялық нысан мен инфрақұрылымды қорғауға мәжбүр. Сондықтан қорғаныс қабілетін арттыру үшін серіктес елдердің көмегіне мұқтаж», – деп жазды басылым.
Бұған дейін тағы бір дереккөз The National басылымына Мысырдың корольдікке әскери қызметшілермен бірге броньды техника, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары мен «жер – жер» класындағы зымырандар жібергенін хабарлаған. Алайда әскерилердің нақты саны мен жеткізілген техниканың көлемі жарияланған жоқ. Дереккөз бұл күштердің хуситтерге қарсы шабуыл операцияларына қатыспайтынын, тек Сауд Арабиясының аумағын қорғау үшін жіберілгенін нақтылады. Дегенмен оларға өзін-өзі қорғау мақсатында қару қолдануға рұқсат етілген.
Бұған дейін Сауд Арабиясы мен Сирия да қорғаныс саласында келісім жасасқан болатын. Құжат әскери даярлық, білім мен тәжірибе алмасу және консультациялар өткізу мәселелерін қамтиды.
Алайда басылым дереккөздерінің айтуынша, Сауд Арабиясына Сирияның тұрақты армия бөлімшелерін орналастыруға дайындық та жүріп жатыр. Сирия Қорғаныс министрлігі әскери қолбасшыларға осы миссияға қызметшілер бөлуді тапсырған. Оған бірнеше жүз сарбаз қатысуы мүмкін.
Бұған дейін сириялықтардың Йемендегі ұрыс қимылдарына қатысқаны туралы ақпарат тараған. Алайда дереккөздердің мәліметінше, әңгіме тұрақты армияның әскери қызметшілері емес, бейресми қарулы құрылымдардың мүшелері туралы болуы ықтимал.
Сонымен қатар Йемендегі дереккөз The National басылымына Судан қарулы күштерінің бас қолбасшысы Әбдел Фаттах әл-Бурхан қажет болған жағдайда Сауд Арабиясы мен Йемен шекарасына әскер жіберуі мүмкін екенін айтты. Дегенмен Эр-Рияд билігі өз аумағын хуситтердің шабуылдарынан дербес қорғауға қауқарлы екенін мәлімдеген.
Бұған қоса, Франция Сауд Арабиясының мұнай нысандарын қорғау үшін әскери қызметшілерін, радиолокациялық станциялар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын жіберген. Италия да радиолокациялық жабдықтар мен зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін бөлді. Грекия Янбу-эль-Бахр қаласында Patriot зениттік зымыран кешенінің кемінде бір батареясын орналастырды. Ұлыбритания жойғыш ұшақтармен қолдау көрсетуге уәде берді. Ал АҚШ Сауд Арабиясының әуе қорғанысын күшейтуге көмектесіп жатыр.
Сауд Арабиясы хуситтерге қарсы күресте Йеменнің үкіметтік күштеріне әскери қолдау көрсететін араб коалициясын басқарады және хуситтердің позицияларына әуе соққыларын жасайды. Бұған жауап ретінде хуситтер корольдіктің инфрақұрылымдық нысандарына қарсы әскери операциялар жүргізіп келеді.




