Вашингтон. 13 қараша. ИНТЕРФАКС – АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс 2028 жылғы президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынбауы мүмкін. Бұған дейін БАҚ оны алдағы сайлауда Республикалық партия атынан президенттікке түсуі ықтимал негізгі үміткер ретінде атаған болатын. Бұл туралы жұма күні CNN телеарнасы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
«Ол қандай шешім қабылдаса да, таңғалмаймын. Вэнс небәрі 42 жаста. Егер қазіргі саяси жағдайда жеңіске жету мүмкін болмаса, кейін қайта оралуына уақыты жеткілікті. Бәлкім, оның кезі әлі келмеген шығар», – деді CNN телеарнасына Вэнстің кеңесшілерінің бірі. Вице-президент онымен алдағы саяси жоспарларын талқылаған.
CNN дереккөздерінің айтуынша, Вэнс келесі президент сайлауына қатыспау мүмкіндігін шындап қарастырып жүр. Ол АҚШ президенті Дональд Трамп негізін қалаған «Американы қайтадан ұлы етеміз» (MAGA) қозғалысын дамытуға әлі де ниетті. Аталған қозғалыс республикашылдардың 2024 жылғы сайлауда жеңіске жетуіне ықпал еткен. Алайда Вэнс оның басшылығын өз қолына алуы керек пе деген мәселеде әлі нақты шешімге келген жоқ.
Сонымен қатар вице-президенттің кейбір жақтастары оның сайлауға қатысатынына сенімді. Атап айтқанда, олар Вэнстің АҚШ-тағы аралық сайлаудан кейін республикашылдардың жеңілісіне Ирандағы соғыс себеп болғанын мәлімдеуін президенттікке таласуға ниетті екенінің белгісі деп қабылдаған.
CNN дереккөздерінің мәліметінше, Вэнстің Иранға қатысты мәлімдемесі АҚШ президенті Дональд Трамптың наразылығын туғызған. Алайда Ақ үй басшысы көпшілік алдында вице-президенттің ұстанымына қарсылығы жоқ екенін айтқан.
Ал Вэнстің айналасындағы дереккөздердің бірі Ирандағы қақтығыс президент сайлауында тек вице-президенттің ғана емес, Республикалық партиядан ұсынылатын кез келген үміткердің жеңілуіне себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Мәселе Джей Дидің жеңіске жете алатынында емес. Басты сұрақ – Ирандағы соғыс жалғасып жатса, республикашылдардың қайсыбірі жеңіске жете ала ма? Егер олар Иранмен соғысты тоқтатпаса, 2028 жылы Республикалық партиядан ешбір үміткердің жеңіске жету мүмкіндігі болмайды», – деді ол.
Америкалық БАҚ бұған дейін бірнеше рет Вэнс пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы 2028 жылғы президент сайлауында Республикалық партия атынан ұсынылуы мүмкін үміткерлер ретінде атаған. Биыл мамыр айында Трамп Вэнс пен Рубионы үйлесімді саяси тандем деп бағалап, олардың партия атынан сайлауға түсуі мүмкін екенін айтқан болатын. Алайда қараша айында ол алдағы сайлау мәселесін кеңесшілерімен әлі талқыламағанын мәлімдеді.




