Астана. 13 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз жолмен иемденілген активтерді қайтару есебінен жуырда салынған әлеуметтік нысандардың сапасын тексеру қажет деп санайды.
«Бас прокуратура жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеден асатын заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтарды. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысын қаржыландыруға бағытталды. Бүгінде медициналық мекемелерді, сумен жабдықтау жүйелерін, мектептер мен спорт кешендерін қоса алғанда, 383 нысанның құрылысы аяқталды. Бұл жұмыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар салынған нысандардың сапасын тексеруге де негіз бар сияқты», – деді Тоқаев жұма күні Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.
Президент сөзінің мәтінін Мемлекет басшысының баспасөз қызметі таратты.
«Бізде түрлі нысандардың, әсіресе жолдардың сапасына қатысты мәселе жиі туындайды», – деп қосты Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар топтардың «Халықтық құрылыс» бастамасының беделіне нұқсан келтіріп, оның жүзеге асуына кедергі жасау жоспарын құрып жатқанын атап өтті.
«Әрине, біз бұған жол бермейміз. Жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт нысандарын қоса алғанда, барлық әлеуметтік инфрақұрылым сапалы салынуға тиіс. Солай болады», – деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.
Бұған дейін, бейсенбі күні, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Елжас Өтіншіевтің және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген басқа да адамдардың ұсталғанын хабарлаған болатын.




