Астана. 13 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты күрт азайтуға бағытталған ұсыныстарды 24 қарашаға дейін әзірлеуді тапсырды.
«Бұл өрескел жағдай мемлекеттік компанияларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері әлі де ең осал тұс болып отырғанын көрсетті», – деді Тоқаев жұма күні Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.
«Осыған байланысты Үкімет пен бақылаушы органдар биылғы 24 қарашада маған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын күрт азайту, квазимемлекеттік сектор компанияларының қызметін және олардың аппарат қызметкерлерінің жұмыс сапасын түбегейлі жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуі тиіс», – деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Бейсенбі күні Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Елжас Өтіншіевтің және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген басқа да адамдардың ұсталғанын хабарлады.
ҰҚК мәліметінше, күдіктілерді 11 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі ұстаған. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорын 2023 жылдан бері басқарып келеді. Қор Қазақстанның мұнай-газ, көлік-логистика және энергетика салаларындағы стратегиялық активтерін басқарады.
Елжас Өтіншіев 2026 жылғы шілдеде Талғат Алдыбергеновтің орнына ҚТЖ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұған дейін ол 2023 жылғы сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарған.
ҚТЖ – Қазақстанның магистральдық теміржол желісінің операторы. Компанияның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» қоры.




