Вашингтон. 14 қараша. ИНТЕРФАКС – АҚШ-та азаматтық авиация жұмысының бұзылуына шетелдік мемлекеттердің араласуы себеп болмағанына толық көз жеткізу үшін тиісті тексерулер жүргізіледі. Бұл туралы АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Маркуэйн Маллин мәлімдеді.
«Бұған толық көз жеткізу үшін барлық қажетті тексеруді жүргіземіз. Содан кейін ғана бұл болжамды біржола жоққа шығара аламыз», – деді ол Ақ үйде журналистерге.
Сонымен қатар Маллин қазіргі уақытта әуе қатынасындағы ақауға басқа мемлекеттердің қатысы барын көрсететін деректер жоқ екенін айтты.
«Қазір жүйенің жұмысына шетелдік мемлекеттердің араласқанын растайтын ешқандай дәлел жоқ. Ақау тек техникалық себептерден туындаған болуы әбден мүмкін. Дегенмен тергеу әлі жалғасып жатыр», – деді министр.
«Әуе диспетчерлері пайдаланатын жүйе ескірген. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе», – деп қосты ол.
Өз кезегінде АҚШ-тың көлік министрі Шон Даффи жабдықтардың қазіргі талаптарға сай келмейтінін айтып, «1980 жылдардағы жүйе, 1990 жылдардағы бағдарламалық қамтамасыз ету және 1970 жылдардағы радарлар туралы сөз болып отырғанын» атап өтті. Оның пікірінше, мәселені шешу үшін АҚШ Конгресі бүкіл жүйені толық жаңғыртуға жеткілікті қаражат бөлуі қажет.
Бұған дейін АҚШ билігі ауқымды техникалық ақаудан зардап шеккен әуежайлардан ұшақтардың қайта ұшуына рұқсат берген болатын. Тиісті шешімді АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы (FAA) қабылдады.




