Ереван, 14 қараша. ИНТЕРФАКС – Армения премьер-министрі Никол Пашинян алдағы 20 жылда елінің Еуропалық Одаққа мүше болатынына сенім білдірді.
«20 жылдан кейін Арменияны Еуропалық Одақ құрамында көремін», – деді Пашинян Дублиндегі Халықаралық және еуропалық істер институтында сөйлеген сөзінде.
Бұған дейін Пашинян Ереванның Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭО) шығуды жоспарламайтынын, алайда Еуропалық Одаққа мүшелікке өтініш беруге ниетті екенін мәлімдеген болатын.
«Біз ЕАЭО-дан шығуға дайындықты бастаған жоқпыз. Халықтың таңдау жасау мүмкіндігі болуы үшін балама бағыт қалыптастыруға дайындықты бастадық. Біз ЕАЭО-дан шығуды жоспарлап отырған жоқпыз», – деді Пашинян 5 қарашада өткен брифингте.
Сонымен қатар ол Армения 2027–2028 жылдары Еуропалық Одаққа мүшелікке өтініш беретінін атап өтті.




